Атыраудағы қанды қылмыс: Тергеуде жантүршігерлік жаңа деректер белгілі болды

Қылмыс бірнеше ай аралықпен жасалғаны анықталды.

 ІІМ Бүгiн 2026, 11:33
Бүгiн 2026, 11:33
397
Фото: ІІМ

Атырау облысында Жангелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасына қатысты қылмыстық іс әлі де тергеліп жатыр. Тергеудің соңғы мәліметтеріне сәйкес, оқиғаға қатысты жаңа жайттар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының мүшелерін өлтіру дерегі бойынша тергеу олардың бір мезгілде жасалмағанын анықтады: алғашқы және кейінгі қылмыс эпизодтарының арасында бірнеше ай өткен. Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өлтірген, ал қалған үш адам қараша айында қаза тапқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмысты ол жалғыз өзі жасаған, үшінші тұлғалардың қатысы болмаған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сай, Сәрсемалиев есі дұрыс деп танылып, өз әрекетіне жауап бере алады, - деді Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.

Жандар Болатбектің айтуынша, марқұмдардың денесінен ас үй пышағымен салынған көптеген пышақ жарақаттары анықталған.

Әрқайсысында алтыдан кем емес жарақат бар: олар кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзалар тұсына түскен, – деп нақтылады Болатбек.

Ал Сәрсемалиевтің жұбайы, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты әзірге түпкілікті қорытынды жасалған жоқ.

Атыраудағы мамандар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қайта сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.

Ал марқұмдардың туыстары сот процесінің ашық өтуін талап етіп отыр. Олар сот барысында болған жайттардың барлығы толық айтылуы керек деп есептейді.

Қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.

Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.

Кейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдікті ретінде марқұм зейнеткерлердің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің аты-жөні көрсетілген жазба жарияланды. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге алынды.

Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.

Аталған іске қатысты полиция атыраулық «хакерді» іздестіріп жатқанын да жариялады. Одан кейін марқұм әйелдің соңғы аудиохабарламасы күдік тудырғаны айтылды.

Одан кейін Индонезияда күдіктінің ұсталған сәттегі фото-видеосы жарияланды. 

Күдіктілер Индонезиядан елге жеткізілді. 

Наверх