Атыраудағы төрт адамның өлімі: Сараптамалар толық аяқталды

Барлық сот сараптамалары аяқталды.

 Видеодан кадр Бүгiн 2026, 12:33
Бүгiн 2026, 12:33
184
Фото: Видеодан кадр

Атырауда төрт адамның өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты тағайындалған барлық сот сараптамалары аяқталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сот сараптамаларының нәтижелерін жариялауға шектеу қойылған. Сондықтан қорытындылардың мазмұны көпшілікке жария етілмейді.

Заңнамаға сәйкес бізге сот сараптамаларының қорытындылары бойынша қандай да бір ақпарат таратуға тыйым салынған. Сол себепті нақты қорытындылар туралы мәлімет бере алмаймыз. Сонымен қатар бұл іс бойынша жалпы саны 11 сараптама тағайындалды. Олардың барлығы белгіленген мерзімде уақытылы аяқталды. Қазіргі таңда барлық сараптамалық зерттеу процессуалдық талаптарға сай жүргізілді, – деді Байтілесов.

Осылайша, Атыраудағы отбасының қатыгездікпен өлтірілуіне байланысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша тағайындалған барлық сараптамалық зерттеулер, оның ішінде Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сараптамалар да ресми түрде аяқталған.

Күдікті есі дұрыс деп танылды

Сараптама қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев есі дұрыс деп танылған. Бұл оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Ал қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сарапшылардың соңғы қорытындысы әзірге дайын емес.

Барлық процессуалдық әрекеттер аяқталғаннан кейін іс материалдары мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданады.

Сәрсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін

Сәрсемалиевке екі немесе одан да көп адамды өлтіру ғана емес, бірнеше рет кісі өлтірді деген айып та тағылып отыр. Бұдан бөлек, іс материалдарында ұрлық (ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі) және алаяқтық (ҚР ҚК 190-бабы) эпизодтары да бар.

Адвокаттардың түсіндіруінше, «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бір қылмыстық эпизодқа қатысты болса, «бірнеше рет кісі өлтіру» әртүрлі уақытта жасалған қылмыстарды білдіреді.

Екі айып та ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігіне жатады. Аталған бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына соттау жазасы қарастырылған.

Қайғылы оқиғаның хронологиясы

Еске салайық, бұған дейін Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы жоғалып кеткен еді.

6 қаңтар күні отбасы мүшелерінің мәйіттері үй маңындағы сарайдан табылғаны белгілі болды.

Кейін құқықтық статистика органдарының базасында күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев көрсетілді. Ол жұбайымен бірге халықаралық іздеуге жарияланған болатын.

Шетелде ұсталды

Кейін күдіктілер Индонезияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.

Іс барысында жаңа жайттар да белгілі болды. Тергеу аясында «хакерді» іздеу туралы ақпарат тарады, сондай-ақ қаза тапқандардың біріне қатысты күмәнді аудиохабарламалар жөнінде айтылған.

Тергеу кезінде қылмысқа қатысты тағы да шошытатын деректер анықталған.

Біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.

Сонымен қоса елді дүр сілкіндірген атышулы іске қатысты сот отырысының қашан басталатыны айтылды.

Наверх