Атыраудағы инфекциялық аурухана 90 млн теңге қарызға батқан

22 Қараша 2022, 19:05
1445
Бөлісу:
Атыраудағы инфекциялық аурухана 90 млн теңге қарызға батқан
Фото: автордан

Атыраудағы № 2  облыстық аурухана қызметкерлері 3 ай бойы тиісті төлемдерді ала алмай жүр. Себебі аурухана қарызға белшесінен батып, басшы медициналық сақтандыру мен зейнетақы жүйесіне аудару қажет ақшадан берешегін беріп отырған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Мәселені желеу етіп, аурухана алдына 40-қа жуық кіші буын медицина қызметкері жиналды. Онсыз да жалақымыз мардымсыз, жұмысымыз ауыр деген олар проблеманы тез арада шешуді талап етіп отыр.

Менің қызым 1-топ мүгедегі. Өзім үйдің кезегінде тұрмын. Өткенде еңбек демалысында болған кезде мемлекеттік бағдарламаның конкурсына қатысып, өтпей қалдым. Пәтер ала алмай қалдым. Анықтап көрсем, жұмысымнан зейнетақы жүйесіне ақшам аударылмапты. Соның кесірі тиді. Себебі бағдарламада оның бәрі тексеріледі. Медициналық сақтандыру да дәл сондай екен. Жалақымыз онсыз да аз, – дейді қызметкерлердің бірі Айжан Сағындықова.

Атыраудағы инфекциялық аурухана 90 млн теңге қарызға батқан

Қызметкерлер басшылық тарапынан үнемі қысым көретінін де жасырмады. Науқас саны көп болса да, 2-3 адамның жұмысын істеуге мәжбүрміз деп налиды.

Өзімізде жиналыс өткен кезде, проблеманың бәрін ашық айтамыз. Иә реттейміз дейді де, ешнәрсе істемейді. Жұмысымыз ауыр. Науқастарды жуындыратындар бар, іштің бәрін жинаймыз. Соны айтсақ, сендердің өздеріңнің таңдаған жұмыстарың дейді. Сонда біз адам емеспіз бе? Қазір тіпті осыны айттыңдар деп те түртпектейді. Еңбек инспекциясына, прокуратура сынды тиісті мекемелерге арыздандық. Олардан да жауап жоқ, – дейді мекеме қызметкері Қарлығаш Сақтағанова.

Мәселенің анығын түсіндіру үшін жиналған тұрғындар мен БАҚ өкілдерінің қасына мекеме басшысы мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары да жетті. Директордың міндетін атқарушы Надя Ерғалиева, қарыздың барын мойындайды. Қызметкерлерге әу бастан түсіндірілді дейді.

Жалған мағлұмат. Біз ешкімге де қысым көрсетпейміз. Әрқайсысы өздеріне тиесілі ғана жұмысты атқарады. Ешкімді де түртпектемейміз. Ал сақтандыру мен зейнетақы бойынша ақшаның түспегені рас. Себебі өткен жылы бір компанияға 90 млн теңге қарызымыз болғасын, ақшамыз жетпеді. Бізде тариф өте арзан. Бізге түсетін ақша аз. Мәселен, шілде айының өзінде біз 80 млн теңге ақша тапсақ, соның тек 60 млн теңгесі ғана өзімізге түсті. Ақша жеткіліксіз. Жалақыға төлесек зейнетақыға жетпейді, оған төлесек басқасына жетпейді, – дейді Н.Ерғалиева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар проблеманы шешу үшін арнайы комиссия құрған. Мәселені жыл аяғына дейін реттеп, бәрін тас-түйін етеміз деп сендірді.

Реагенттер бар ғой пцр лаборотория жасайтын. Сол реагентті сатып алу барысында сол компаниямен сот болған. Сол кезде 90 млн теңге төлеуге міндеттелген. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен бізде арнайы комиссия құрылды. Ол комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселені жыл аяғына дейін шешеміз. Ал жалақы тиісті мөлшерде төленіп отыр, – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.

Атырау облыстық №2 аурухада 400 адам еңбек етеді. Проблема тек кіші буын медицина қызметкерлеріне ортақ. Мекеме қазынадан жылына 1 млрд 100 млн теңге ақша алады. Оның өзі жеткіліксіз көрінеді. Аурухана басшылығы мұндай қиындықтар туындамас үшін, мекеме бюджетін қайта қарап, оны 2 млрд теңгеге дейін арттыру қажет дейді.

Өзгелердің жаңалығы