Атырауда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 12 мектеп салынады

31 Қаңтар 2023, 19:16
1221
Бөлісу:
Атырауда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 12 мектеп салынады

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының Атырау облысында іске асырылуы бойынша әкімдік отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған жобаның орындалу барысы бойынша облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстағы 25 501 орын тапшылығын жою үшін 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 12 мектеп салынады.

Қазіргі таңда 9 мектептің құрылысы бойынша бөлінген жер теліміне мемлекеттік акт алынды. Атап айтсақ, Атырау қаласы Сарыөзек ауылында 300 орындық орта мектеп,Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында, Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық орта мектеп, Атырау қаласы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 ықшамауданында 900 орындық орта мектеп, Жылыой ауданы Құлсары қаласы Атырау ықшамауданында, Атырау қаласы Водниково ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы салынады,-деді Г.Сәдуақасова.

Жиында облыс әкімі өңірде бой көтеретін мектептерді тәжірибелі, жауапты мердігер мекемелерге беруді, құрылысты уақытылы аяқтауын қадағалауды, білікті мамандарды жұмысқа тартуды тапсырды. 

Кадр тапшылығы - күрделі мәселе. Мектепті салып, керекті құрал-жабдықпен жасақтап, кабинеттерді сақадай сай дайындағанмен, онда білім беретін маман болмаса, құны бес тиын. Сапалы білім бермейтін жерге ата-ана да баласын оқытпасы анық. Сондықтан бұл мәселе басты назарда болуы тиіс,-деді С.Шәпкенов.

Өзгелердің жаңалығы