Атырау облысының бас санитарлық дәрігері: Атыраудағы ахуал көңіл көншітпейді
12 Мамыр 2020, 09:10 2075

Атырау облысының бас санитарлық дәрігері: Атыраудағы ахуал көңіл көншітпейді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраудағы ахуал әлі бірқалыпты деңгейге жеткен жоқ. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, төтенше жағдай аяқталғанымен қалада карантин режимі әлі қатаң сақталады.

Атыраудағы ахуал көңіл көншітпейді. Індет толық тоқтаған жоқ. Біздің мәліметтеріміз бойынша, инфекция жұқтырғандардың өсім көрсеткіші 2 мамырда 19%, 4 мамырда 7%, 6 мамырда 10%-ды қамтыған. Егер өсім 7%-дан төмен болғанда ғана біз бірқалыпты дер едік. Ал Теңіз кенішіндегі науқастар саны сәуір айының соңынан бері күрт өсіп жатыр. Аптасына 20-25 науқас тіркелуде. Инфекция жұқтырғандардың 50 пайызының денсаулығынан ешқандай ауру белгілері білінбейді. Соңғы аптада перзентханада жүкті аналарға дейін жұқтырды. Сондықтан қала тұрғындарына әлі де қауіп бар. Халық тәртіпке бағынып, әлі де оқшаулану қажет. Төтенше жағдай аяқталғанымен қатаң карантин режимін бақылауда ұстайтын боламыз, - дейді Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының мәліметінше, вирус жұқтырған жүкті аналардың бірі инфекциялық ауруханада босанған.
Облыс бойынша қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 302-ге жетті. Оның 69-ы қала тұрғындары, 2-уі ауданнан, ал 231-і Теңіз кенішінен тіркелді. Олардың барлығы ем алып жатыр. Сондай-ақ вирус анықталған 3 жүкті әйел облыстық перинаталдық орталығына жедел жәрдеммен жеткізілген. Қазір бұл науқас аналар инфекциялық ауруханада. Бірі сол медициналық мекемеде босанды. Біз мұның барлығына дайын болдық. Қазір перзентхана жабылды. Бірер күнде ашылады деп жоспарлап отырмыз ,- дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Бас дәрігердің айтуынша, коронавируспен күресіп жатқан атыраулық 858 медицина қызметкеріне наурыз айында 66 миллион теңгеден астам, ал сәуір айында 1080 дәрігерге 158 миллион теңге үстемақы төленген.

Атырау қаласында бас санитардың соңғы қаулысы бойынша, таңғы 07.00 - 10.00-нан кешкі 17.00-20.00-ге дейін қоғамдық және жеке көліктермен жүруге мүмкіндік бар. Мемлекеттік мекемелер мен компаниялар қызметкерлерінің 50%-ы жұмысқа шыға алады. Дегенмен, 30 адамнан аспауы қажет. Сондай-ақ ірі құрылыс дүкендері, сұлулық салондары, фотосалондар, оптикалар т,б көптеген бизнес нысандарға таңғы 09.00- ден кешкі 17.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат берілді. Алайда барлығы да санитарлық талаптарды орындаулары шарт. Сонымен қатар, қала тұрғындарына спортпен шұғылдануға рұқсат етілді. Ал кешкі 21.00-ден таңғы 06.00-ге дейін қала ішінде жеке көліктермен жүруге тыйым салынды.


Фото: дереккөз
Загрузка...