Атырауда ТAZALYQ кешенді жобасы жүзеге асады

17 Мамыр 2019, 21:06
2500
Бөлісу:
Атырауда ТAZALYQ кешенді жобасы жүзеге асады
PHOTO
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау мұнай өндіру зауытында облыстың экологиялық мәселелері бойынша ғылыми конференция өтті. Оған ғалымдар, экологтар, зауыт басшылары, халық қалаулылары, үкіметтік емес ұйым және жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.

Мұндай конференцияны АМӨЗ алғаш ұйымдастырып отыр. Жиында зауыттың табиғатты қорғау мақсатында жүзеге асырғалы отырған Tazalyq кешенді шарасы таныстырылды. Бағдарлама қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық жағдайды жақсартуға және экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.

Атырауда ТAZALYQ кешенді жобасы жүзеге асады

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл бағдарлама аясында АМӨЗ сарқынды суларды тазарту қондырғысын жаңғырту бойынша жобаны іске асырады. Ағынды суларды тазарту қондырғыларының құрылысы үшке бөлінген: жабық типті механикалық тазарту нысанын салу, биологиялық тазалау қондырғыларын жаңғырту, булану алаңдарында дренаждық жүйелерді салу және булану алаңдарын қалпына келтіру. Осылайша, тазартылған сарқынды сулардың сапасы қалыпты көрсеткішке жетіп, қатты заттарды ағынды суларға жіберу тоқтатылады, ал тазартылған судың 70%-ын зауыт қайтадан пайдаланады. Барлық қаражат зауыттың есебінен қамтамасыз етіледі.

«Бұл зауыт өз жұмысымен қоршаған ортаны жақсарту мәселесін де қатар алып жүру керек. Ол үшін ең алдымен жаңа технологияны пайдалануы қажет. Өз өндірісінде жаңа инновациялық тетіктерді іске қосу керек. Міне, осы бағытта Атырау мұнай өндіру зауыты қолға алып отқан тазалық жобасы облыста қалыптасқан үлкен экологиялық проблеманы жақсартуға септігін тигізеді деген ойдамын», - дейді жиынға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов.

Атырауда ТAZALYQ кешенді жобасы жүзеге асады

Конференция барысында зауыттың қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығының орынбасары Қ.Сағызбаев мелиорация аясында булану алаңдары дезинфекцияланатын болады және перимертдің айналасында арнайы геомембранамен қапталған бөгет салынады деді.

ТAZALYQ жобасын іске асыру 2026 жылға дейін жүргізіледі. Бұл Мәскеу мұнай өңдеу зауытының тәжірибесінен алынған. Қаржыландыру зауыт есебінен жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, булану алаңдары түпкілікті қалпына келтіріледі, яғни залалсыздандырылып, зауыт айналасында арнайы бөгет салынатын болады.

Өзгелердің жаңалығы