Атырауда есірткі сатумен айналысқан сүңгуір ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырауда тағы бір есірткі қойып кетуші ұсталды. Шығыс Қазақстан тұрғыны Атырауға бес жылдан бері келіп жүрген. Бастапқыда ол сүңгуір болып жұмыс істеді, ал осы жылдың наурыз айынан синтетикалық есірткіні сатумен айналысуға бел байлаған, - деп атап өтті министрлік өкілі.
Айтуынша, ол жұмысына қатысты «тапсырманы» екі күн бұрын алған.
Ол қолға түсерден екі күн бұрын «куратордан» «қазынаның» орналасқан жерін өзгерту жөнінде тапсырмасын алды. Алайда «есірткі қойып кетушіні» полицейлер есірткіні жасыруға мүмкіндік бермей ұстады. Сараптама қорытындысына сәйкес одан 290 грамм «мефедрон» және «альфа PVP» тәркіленді, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Белгілі болғандай, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетейік, елде жеті күнде 2800-ден астам қылмыс жасалғаны туралы жазған болатынбыз.