Атырауда «Сергек» камераларының арқасында қылмыстың ашылуы 65%-ға артты

9 Желтоқсан 2020, 21:08
1540
Бөлісу:
Атырауда «Сергек» камераларының арқасында қылмыстың ашылуы 65%-ға артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев айтты, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

10 қыркүйек пен 25 қараша аралығында «Сергек» арқылы 23​ 483 жол жүру ережесінің бұзылғандығы анықталды. Осыған сәйкес, 190 млн 751 мың теңге айыппұл салынды. Аталған құрылғының көмегімен жол көлік оқиғалары 27 пайызға кеміді. Сондай-ақ, бұл құрылғылардың қылмысты ашуды 65 пайызға арттыруға, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауды 17 есе өсіруге, жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім-жітімді 45 пайыз төмендетуге көмегі бар екендігін күнделікті тәжірибе көрсетіп отыр, - деді спикер Әсет Оразғалиев.

Еске сала кетелік, бүгінгі таңда Атырау қаласында жол қозғалысын бақылау мен құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында 51 көше қиылысына, 153 тіке жолдарға, 1224 суретке түсіру және бейнежазба жазу, 774 қоғамдық қауіпсіздікті бақылайтын бейнебақылау камералары орнатылған.

Сондай-ақ, сессия отырысында балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметінше, өңірде 18 табиғат пайдаланушылар балық аулаумен айналысады.

Биылғы жылдың ақпан-қараша айларында 12 671 тонна балық ауланды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 641 тоннаға артқан. Салада 5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оларға 722 жүзбе құралдары тіркелген, - деді Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Осы ретте депутаттар тарапынан тоған жұмыстарын дамыту мен заңсыз балық аулаушылармен күресті күшейту туралы ұсыныстар түсті.​

Сессия барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматқа «Атырау облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды. Осылайша, құрметті атақ еңбек ардагерлері Нұғман Қарабалин, Қуанышкерей Самешұлы, Жайдарбек Зайдуллин, Қуандық Медеуов, Төкен Жұмағұлов, Мақсот Қилыбаевқа берілді. ​

Өзгелердің жаңалығы