Атыраудағы қоқыс алаңына картоп пен пиязды лақтырып тастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Іnstagram әлеуметтік желісіндегі egovpress парақшасында видео тарады. Видеода қоқыста үйіліп жатқан картоп пен пияз түсірілген.
Атырауда аз қамтылғандарға берудің орнына бірнеше тонна картоп пен пиязды қалалық қоқыс үйіндісіне лақтырды. Халық ақшасы желге кетті. Жергілікті тұрғындар бұл үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын кінәлайды, - деп жазба қалдырған видео авторы.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ азық-түлік департаментінің директоры Қайсар Құрманәлиевтің айтуынша, тұрақтандыру қорына 5136 тонна ауыл шаруашылығы тауары бар.
Тұрақтандыру қорындағы бұл тауарлар тұтынушы сұранысын 2024 жылдың сәуір айына дейін қамтамасыз етуге жетеді. Ал «Агрофеликс» шаруа қожалығы 8 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын қоймаға жеткізді. Тауарларды іріктеу кезінде табиғи бүлінген бөлігі анықталды. Осыған байланысты бүлінген тауарлар қалалық қоқыс үйіндісіне шығарылды. Өйткені видеоға түсірілген көкөністер жеуге жарамайды. Бұл тауар «АгроФеликс» шаруа қожалығына тиесілі. Тұрақтандыру қорының тауарына жатпайды, - деп мәлім етті Қайсар Құрманәлиев.
Оның дерегіне сүйенсек, тұрақтандыру қорындағы ауыл шаруашылығы тауарлары, атап айтқанда, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат Атырау қаласындағы 3 базарда, 3 сауда павильонында, сондай-ақ, 32 супермаркетте сатылып жатыр.