Атырауда қолға түскен есірткі қойып кетуші 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

15 Мамыр 2023, 11:28
678
Бөлісу:
Атырауда қолға түскен есірткі қойып кетуші 15 жылға дейін сотталуы мүмкін
Фото: BAQ.KZ

Атырауда есірткі қойып кетуші ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

Айтуынша, есірткі қойып кетуші белсенді азаматтардың арқасында қолға түскен.

Күдіктіні ұстауға қаланың бір ауданындағы жастардың күдікті мінез-құлқы туралы полицияға хабарлаған азаматтардың белсенділігі ықпал етті. Полиция қызметкерлері есірткі салуға ыңғайлы бірнеше орынды анықтап, бақылау орнатты. Алғашқы күні сақшылардың назарына күдікті жас жігіт ілікті. Жігіт жан-жағына қарап, жерге әлденені көміп, аймақты суретке түсірген. Бұдан соң күдікті ұсталды. Ол бұрын сотталмаған 30 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тексеру кезінде одан 4 грамм синтетикалық есірткі мен марихуана тәркіленді, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Белгілі болғандай, есірткі доза бойынша оралған, сатуға дайындалған.

Ұсталған адамның телефонындағы телеграмм-чатта жасырылған есірткілердің фотосуреттері табылды. Бұл күдікті қолға түскенше түсіріп үлгерген суреттер болып шықты. Ұсталған күдікті уақытша ұстау камерасына қамалды. Оған қатысты мүлік тәркіленіп, қоғамдық орында аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық іс қозғалды. Мұндай қылмыс түрлері үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Өзгелердің жаңалығы