Атырауда қайтыс болған мүмкіндігі шектеулі жандардың шотына қаржы аударылып отырған

24 Мамыр 2023, 19:25
913
Бөлісу:
Атырауда қайтыс болған мүмкіндігі шектеулі жандардың шотына қаржы аударылып отырған
Фото: автордан

Атырау қаласының әкімдігі қайтыс болған мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке шотына қаржы аударған. Мемлекеттік қызметкерлердің бұл ісін прокуратура заңсыз деп таныды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Әкімдік жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға материалдық көмек көрсетеді. Өткен жылы аударылған қаржыны алғандар тізімінде 30 адамның марқұм екені белгілі болды. Шенділер көмек көрсетілген тұрғындарды тексермеген болып шықты.

Ерекше жандардың құқығын бұзу бойынша жалпы 100 факті тіркелген. Соның бірі қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне қатысты. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға қарайласуы тиіс қызметкерлер өз міндеттерін атқармай, қосымша жұмыс істеген. Бас-аяғы 69 маман екінші қызметте табыс тапқан.

Қалалық мәслихат өкілдері де мүмкіндігі шектеулі жандарға бейжәй қараған. Олар заң өзгерсе де, үй жағдайында білім алып отырған мүгедек балаға берілетін қаржы сомасын көбейтуге асықпаған. Прокуратура тексеріс жүргізгеннен кейін, берілетін ақша мөлшері 2.4 айлық есептіп көрсеткіштен 5 АЕК дейін көтерілді, - дейді Атырау қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Ерлан Какиев.

Қаладағы бірнеше мекеменің мүмкіндігі шектеулі жандарға артық жұмыс істеткені де белгілі болды. Құзырлы орган өкілдерінің көмегімен келеңсіздіктер жойылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалды. Ал негізсіз аударылған бюджет қаражаты мемлекетке қайтарылды.

Өзгелердің жаңалығы