Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Атырауда мектеп оқушылары қос жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан

12 Мамыр 2025, 16:47
1027
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Атырау қаласындағы Еркінқала орта мектебінің екі оқушысы өздерінен кіші қос жасөспірімді соққыға жығып, ақша бопсалаған. Бұл туралы білім алушылардың ата-аналары хабарлап, балалардың заңды түрде жазалануларын талап етті,-деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл жағдай 10-мамыр күні, кешкі сағат 20:00-21:00 уақытында Еркінқала ауылдық округінде, құрылысы бітпеген жеке үйлердің бірінде болған екен. Соққының астында қалып, зәбір көрген балалардың аналарының сөзінше, 9 сынып оқушылары ауылдастарын осылайша белгілі бір жұмысты істеуге мәжбүрлемек болған. Одан өзге ақша берулерін де талап еткен көрінеді. 

Балам әдеттегідей сабағына кетті. Біз серуенге шыққанда үйге кешке кіріп кеткен. Оны байқамадық біз. Кейін көрші хабарласты. Сен балаңды қарашы, біздің үйге келіп менің баламнан дәрі сұрапты деді. Неге сұрады десем, үлкен балалар ұрып кетті деп айтқан. Балам алғашында мойындаған жоқ. Кейін әкесіне хабарластым, 102-ге соқтым. Балам сол кезде мойындады. Жедел жәрдем шақырдық. Қатты соққы алған деді. Таяқпен ұрған кәдімгідей. Аяусыз ұрған ғой. Жауыздық қой бұл мүлде. Үйде мүлде ондайды көрмеген балалар даладан біреудің баласынан таяқ жеп жүр. Әділдік талап етеміз. Істің жабылып қалмауын сұраймыз, - дейді жасөспірімнің анасы Құралай Шамарова.

Екінші баланың анасы да ұлының тепкі астында қалғанын содан кейін ғана естіген. Бірлесіп құзырлы орган өкілдеріне шағымданыпты. Қазір істің әділ өтуінен үмітті. 

Атырауда мектеп оқушылары қос жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан

8-сынып оқитын екі баланы 9-сынып оқитын екі бала шаруаға шақырған. Олар үнемі шақырады екен өздерінің айтулары бойынша. Осы жолы бармағаннан кейін ұрып-соққан. Таяқпен аяусыз ұрып, денелерінің барлық жеріне зақым келтірген. Басынан соққан баламның. Айтатын болсаңдар, осындай келесіде тағы қайталанады деп қорқытқан. Тіпті ақша бопсалаған. Бала үйге келіп, көрші үйге барып, киімін ауыстырып келіп тұр. Бірақ біз телефон арқылы сұрағанда, дос баламның үйіне бардым деді. Кешке дейін айтқан жоқ бала. Жасырды бізден. Полиция қызметкері хабарласты. Балаңыздың үстін қараңызшы деп, сол кезде ғана білдік біз. Қол жұмсаған балалардың ата-аналары сендер айтқызып отырсыңдар дейді. Біз өзіміз де анамыз, олай неге істейміз. Біз тек бұл оқиға сабақ болса дейміз. Балалар заң жүзінде тиісті жаза алсын дейміз. Баламыздың тағдыры үшін қорқамыз мысалы. Қазірдің өзінде мектепке жіберем ба, жоқ па білмеймін тіпті дейді, - жасөспірімнің анасы Тілекші Халикова. 

Күдікті деп танылған тараптағы аналардың бірі жәбірленушілерден кешірім сұраған, енді бірі мойындамай отырған көрінеді. Ал білім ордасының директоры мектептен тыс болған оқиғаны естіп өзі де аң-таң болыпты. Себебі бұл балалардың мұндай оғаш қылығын байқамаған. Ата-аналармен сөйлесіп, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр екен. Ал істің ақ-қарасын полицейлер анықтайтынын айтады. 

Атырауда мектеп оқушылары қос жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан

10 мамыр күні кешкі сағат 20:00-21:00 аралығында болған. Сабақтан тыс уақытта болған. 4 оқушы да біздің мектепте оқиды. Бірақ бұрын соңды мұндай тәртіпсіздікке барған емес. Ешқандай есепте тұрған жоқ. Сабақтарына уақытында келеді. Келіспеушілік болған болып тұр ғой. Біз естіген бойда ата-аналармен хабарласып, жағдайды білдік. Енді арыз бойынша қазір құзырлы органдағылар жұмыс істеп жатыр. Заң аясында шешіледі деп ойлаймын. Жәбір көрсетушілер ешқандай жұмысқа жұмсаған жоқпыз, бізге бейәдеп сөздер айтты деп тұр, - дейді Еркінқала орта мектебінің директоры Болат Хисметов.

Полиция департаменті қала аумағында болған бұл фактіге қатысты қылмыстық іс тіркеген. Қазір тергеу жүріп жатыр. 

Аталған дерекке қатысты қазір қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда кешенді тергеу амалдары жүріп жатыр. Мәселенің мән-жайын анықталып жатыр. Сонымен қатар, бұл жерде кәмелетке толмаған балалар болғандықтан олардың заңды өкілдерінің қатыстырылуымен жауаптар алынуда. Құқықбұзушылыққа барған балалар ішкі істер органдарының есебіне алынып, оларға қатысты құжаттар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданатын болады. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайда, - дейді Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет. 

Өздерінен бір сынып төмен оқитын балаларға күш қолданған 9-сынып оқушыларына қандай шара қолданылатыны тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Әзірге олар оқуларын жалғастыра береді. Ал зәбір көрген жасөспірімдердің аналары ұлдарын әлі білім ордасына жіберуге қорқып отыр. Тергеу әділ өтсе дейді. 

Айта кетсек, Еркінқала орта мектебінде қазір 2 мыңнан астам оқушы бар. Олар үш ауысыммен білім алады. Оқу ордасында балалар арасында бұған дейін мұндай түсініспеушілік болмаған. 

Өзгелердің жаңалығы