Атырауда мектеп маңында қайғылы оқиға: 1-сынып оқушысын көлік қағып, мерт болды

Атырауда мектепке бара жатқан бірінші сынып оқушысын жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып, бала оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалды.

 куәгерлерден Бүгiн 2026, 11:44
Бүгiн 2026, 11:44
178
Фото: куәгерлерден

Атырауда бірінші сынып оқушысы мектепке бара жатқан жолда көлік қағып, қайтыс болды, деп хабарлайды  BAQ.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға 6 сәуір күні таңертең болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз бала алғашқы сабағына бара жатқан кезде оны көлік қағып кеткен.

Ауыр жарақат алған бала жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін көз жұмды. Оқиға орнында дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Атырау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы шамамен сағат 07:45-те болған.

Алдын ала деректерге сәйкес, 1974 жылы туған жүргізуші Toyota Hiace маркалы көлікті басқарып келе жатып, 2018 жылы туған кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Қыз бала жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өтпек болған. Бала оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты төмендетуге және жаяу жүргіншілер өткелдерінде барынша мұқият болуға шақырды.

Сондай-ақ ата-аналарға балалардың жолдағы қауіпсіздігін қадағалау қажеттігі ескертілді.

Еске салсақ, Қарағандыда  жол апатынан бес адам зардап шекті. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Сондай-ақ, Талдықорғанда жантүршігерлік жол апатынан қатты соққы алған екі жасөспірім жансақтау бөліміне түсті. Олар қатты соққы салдарынан жол қоршауынан асып кеткен.

Наверх