Атырауда қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға болады

19 Қараша 2020, 15:37
3148
Бөлісу:
Атырауда қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, онкологиялық ауруларды анықтап, емдеу үшін Атырау облысында соңғы жылдары іргелі жұмыстар жасалды.

Бұл туралы Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Атырауда қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға болады

Атырау облысына жұмыс сапарымен келген «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Диляра Қайдарова Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың қатысуымен өткен үйлестіру кеңесі отырысында Атырауда соңғы төрт жылда онкологиялық аурудың тіркелу динамикасында бәсеңдеу барын атап өтті.

Оң көрсеткіш соңғы жылдары саланың 26 кадрмен толығуына да байланысты. Бұрын науқастар ем алу үшін Алматыға келіп қаралатын болса, қазіргі уақытта онкологиялық ауруға шалдыққан емделушілерге жоғары сапалы көмек жергілікті медициналық орындарда да көрсетіліп отыр. Атыраудың медициналық мекемелері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Және хирургиялық күрделі ота жасауға да мүмкіндіктер бар, - деп атап өтті ол.

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, Атырауда сүт безі, өкпе обыры, асқазанның қатерлі ісігі аурулары жиі кездеседі. 

Сол себепті, медициналық мекемелер ерте мерзімде диагностикадан өткізіп, зерттеуге мүмкіндік беретін және күрделі ота жасалатын құрылғылармен жабдықталды. Десе де, облыстағы басты онкологиялық диспансер ғимаратының көне екені  рас. Бүгінгі таңда осы мәселеге байланысты аймақ басшысына ұсыныс дайындалуда, - деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиев.

Атап өтерлігі, Атырау облысында барлық медициналық мекеме ортақ жүйеге қосылды. Бұл жүйе қала, аудандардағы томография, рентгендік зерттеулердің қорытындыларын ортақ базада жинақтап, зерделеуге мүмкіндік береді. Және қатерлі ісіктерді бүгінде Атырауда жасанды интеллект көмегімен анықтауға мүмкіндік жасалғандығы аймақ медицинасы үшін үлкен жаңалық. 

Жасанды интеллект қатерлі ісіктерді мейілінше ерте мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Біз обырға шалдыққан науқастың өмір сүру ұзақтығын кемінде 5-6 жылға соза алсақ, мұның өзі үлкен жетістік, - деп нақтылады Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиев. 
Атырауда қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға болады

Қазақстанның бас онколог дәрігері Диляра Қайдарованың айтуынша, онкологиялық ауруларды анықтаудың ең тиімді жолы - медициналық скрининг. Қатерлі ісік ерте анықталған жағдайда мамандар науқасқа 70-80 пайызға дейін көмек көрсете алады. 

Сол үшін де азаматтарды өз денсаулығына салғырт қарамауға, медициналық скринингтен уақтылы өтуге шақырамын, - деген Бас онколог дәрігер емханалардағы скринингтік тексерулерді ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруды тапсырды.

 Еске сала кетелік, Қазақстанда қатерлі сырқатқа қарсы скринингтік тексерулер 25 жастан басталады.

Әйелдер арасында жатыр мойыны обырына қарсы тексеру 30-35 жаста, сүт безі обырына қарсы тексеру 50-60 жас аралығында, ерлер арасында қуық безі обырына қарсы медициналық скрининг  50-54, 58-62 жас аралығында өткізіледі.

Асқазан, өңеш обырына қарсы тексеру ер, әйел адамдар үшін де 50 жастан басталады. Ал бауыр обырына қарсы тексеруден пациент кез келген жаста өте алады.

Атырау облысында онкологиялық есепте 4500 науқас тұр. Соңғы бір жылда қатерлі ісік 1150 адамнан анықталған.

Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары Атырау облыстық онкологиялық диспансеріне арнайы барып, ондағы науқастарды емдеу бойынша консультациялық кеңестер берді және жергілікті дәрігерлер үшін шеберлік сабақтарын өткізді.

Өзгелердің жаңалығы