Атырауда Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

28 Мамыр 2022, 07:25
2370
Бөлісу:
Атырауда Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған «Әнім саған, туған ел» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға  Илья Жақанов пен жұбайы Тиыш Алтайқызы, облыс әкімі Серік Шәпкенов, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қызметкерлері қатысты.

Атырауда Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті


Өңір басшысы қазақ даласын 60 жылдан астам уақыт әсем сазға бөлеген Илья Жақановтың салтанатты кешіне келген қонақтарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Илья аға – өткен ғасырлар сарыны мен бүгінгі кәсіби музыканы ұштастырған ғажайып ұлы өнер иесі. «Еділ мен Жайық» - бүгін де бейресми Гимніміз. Ағамыз сегіз қырлы бір сырлы, барлық өнер түрі бір өзінен табылған. Еліміздің келешегі үшін Сіздің қыл қаламыңыздан туған, жүрегіңіздін шыққан дүниелердің берері мол. Ел Президентінен алған «Қазақстанның Еңбек Ері» орденіңіз Сіздің кеудеңізде жарқыраса, біздің, Атыраудың маңдайына біткен жарық жұлдызы деп білеміз. Ендігі Тиыш апамызбен берекелі де мерекелі ғұмыр кешіп, ару Жайықтың данагөй ақылманы, ән мен жырдың телегей-теңіз дариясы болып аман отырыңыз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз, – деді Серік Шәпкенов.

Кеш барысында Нұр-Сұлтан, Алматы мен Орал қаласынан арнайы келген өнерпаздар, Атырау облысының танымал өнер иелері, мәдениет саласының қайраткерлері мен үздіктері И.Жақановтың әні мен сөзіне жазылған әндерін орындады. 

Атырауда Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті

Әнмен өтіп келе жатқан өмірімнің бүгінгі салтанаты естен кетпейтіндей оқиға болды. Осының барлығы сіздердің арқаларыңызда, сіздердің орталарыңызда болып жатыр. Жан жүрекпен ұғынысқан, сахна төрінде барлығы үйлескен, сағынысып көріскен әдемі кеш болды. Ән жазсам да, сурет салсам да, кітап жазсам да өткен сәт, бүгінгі сәт пен келешекті елестетіп отырамын. Ғасырларға кететіндей дүние болсын деп барыммен жазамын. 25-30 әнімді батыс өлкесіне арнап жазыппын. Мәртебемнің көтеріліп мерейімнің артып жатқаны сіздердің арқаларыңыз, деп, – Илья Жақанов сахна төрінде жоғары дәрежеде өнер көрсеткен өнер иелері мен оркестр мүшелеріне, дирижерларға алғысын білдірді.

Илья Жақанов – Батыс өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ өнерінің оның ішінде ән өнерінің тарихын зерттеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды мақсат еткен және оның дамуына зор үлес қосып жүрген бірегей талант иесі.

Атырауда Илья Жақановтың 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті



Айта кетейік, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда төрінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық  дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жазушы, композитор Илья Жақановқа жоғарғы дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы