Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда игерілмеген жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару мақсатында жиын өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен атыраулық шаруалар қатысты.
Біздің келу мақсатымыздың да басты себебі – осы өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы келелі мәселелерді шешу, жолдарын қарастыру. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының жер төңірегінде берген тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару мәселесін қарау біздің жоспарда бірінші кезекте тұр, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Айдос Абдрахманов.
Облыс бойынша жыл басынан бері көлемі 21552,25 га құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы 23 жер учаскесі мемлекетке қайтырылған.
Осыған сәйкес қалалық, аудандық жер қатынастары бөлімдерімен түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде игерілмей отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы 75 жер учаскелері жер ресурстары басқару комитетіне жолданып, осы жылы жоспардан тыс тексерулер жоспарлануда, – деді облыстық жер ресурстарын бақылау департаментінің басшысы Құрманова .
Өз кезегінде жиналған шаруалар ұсыныс-пікірлерімен бірге нақты сауалдарын жолдады.
Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұрлыбаев қорытындылап, шаруалар көтерген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берді.