Атырауда автомектеп жалған жүргізуші куәлігін таратты деген күдікке ілінді

27 Қазан 2023, 08:47
584
Бөлісу:
Атырауда автомектеп жалған жүргізуші куәлігін таратты деген күдікке ілінді
Фото: BAQ.KZ

Атырауда жалған жүргізуші куәлігін беру күдігімен автомектептердің бірінде тексеру басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, бұл туралы әлеуметтік желіде бейнежазба таралған.

Атырау қаласының тұрғыны автомектептердің бірінде көлік жүргізуді оқыту туралы жалған куәлік беруде деп шағымданды. Аталған дерекке байланысты Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 1-бөлігімен (Құқықтар беретiн немесе мiндеттерден босататын куәлiктi немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау, не мұндай құжатты өткiзу, сол сияқты қолдан жасалған мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, Қазақстан Республикасының немесе КСРО-ның мемлекеттiк наградаларын дайындау немесе өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, - деп мәлім етті Нұрхат Оразбаев.

Оның айтуына қарағанда, қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сотқа дейінгі тергеудің қорытындысымен автомектеп қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Өзгелердің жаңалығы