Панфилов ауданына жаңа әкім тағайындалды

13 Қыркүйек 2019, 20:06
3832
Бөлісу:
Панфилов ауданына жаңа әкім тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облыс әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Панфилов ауданында болды. 

Бұған дейін ауданды басқарған Темірлан Бектасовтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жаркент өңіріне жаңа басшы тағайындау үшін облыс әкімі алдымен мәслихат депутаттарымен кездесіп, Президент Әкімшілігінің келісімімен аталған лауазымға Талғат Өмірәлиевті ұсынатынын жеткізді. 

Өзара пікірлесуден кейін депутаттар ұсынысты қолдайтындарын айтып, бірауыздан дауыс берген соң облыс әкімі тағайындау туралы өз өкіміне қол қойды. 

Мұнан соң Амандық Баталов аудан активімен жиын өткізді. 

«Бүгін өңірдегі кадрлық өзгерістерге қатысты Панфилов ауданына арнайы келіп отырмын. Темірлан Бектасов аз уақыттың ішінде нәтижелі жұмыс істеді. Темірландай кадрдың іскерлік қабілеті облыс әкімінің аппаратына жетекшілік етуге қажет болғандықтан,  облыс орталығына алып, Талғат Өмірәлиевтей білікті азаматты осы өңірге әкеліп отырмын. Панфилов – шекаралық аудан. Ұлы Жібек Жолының шығыс қақпасы саналады. Даму мүмкіндігі, алдағы перспективасы зор өңір. Елбасының тікелей қолдауымен бұл ауданның дамуына зор ықпал ететін ауқымды жұмыстар жасалды. «Жетіген-Қорғас» жолы төселді, «Қорғас – Шығыс қақпасы» экономикалық аймағы, «Қорғас» ХШЫО, Алтынкөл стансасы салынып, жұмыс істеуде, инфрақұрылым жақсартылып, инвестиция тартылуда. Бұл бағытта жаңа Президенттің де алдымызға қойып отырған міндеттері зор. Сондықтан бұл ауданды басқаруға тәжірибесі мол, іскерлігі мығым азамат қажет болғандықтан Талғат Өмірәлиевке үлкен міндет жүктеледі. Ел азаматтарымен кеңесіп, көпшіліктің пікірімен санасып, халықтың ішінде жүру керек. Осындай жауапты жұмыста ел сенімінен шығып, жақсы жұмыс істейді деп сенемін», - деді А. Баталов. 

Бұдан соң Т. Бектасов пен Т. Өмірәлиев те кезекпен сөз алып, ризашылықтарын жеткізіп, сенім үдесінен шығуға уәде берді. 

Осы жиында Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, «Ернар» шаруа қожалығының басшысы Тасқан Жапарқұл және басқа да азаматтар Т. Бектасовқа ақ жол, жаңа келген әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, қай істі де бірлесіп атқарысуға әзір екендіктерін айтты. 

Еске салсақ, бұған дейін Панфилов ауданын басқарған Темірлан Бектасов Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалған. Ал жаңа әкім Талғат Өмірәлиев осыған дейін облыста Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқарған болатын.

Өзгелердің жаңалығы