Атырауда ассенизатор жүргізушілері шу шығарды

21 Сәуір 2023, 18:28
1660
Бөлісу:
Атырауда ассенизатор жүргізушілері шу шығарды
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Атырауда 50-ге жуық ассенизатор жүргізушісі жиналып, шу шығарды. Кәріз суын тасып, табыс табатындар қала ішінен лас суды төгетін жер бөлуді талап етуде, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қала шетіне жиналған жүргізушілер үшін кәріз суын тасып күнелту негізгі жұмыс. Ассенизатор иелері бұған дейін лас судың мөлшеріне қарай, тұрғындардан кеміне 7-8 мың теңге алып келген болса, қазір көрсететін қызметтерінің бағасын 15 мыңға дейін арттырыпты. Бұған жаңбыр жауса су ортасында қалатын тұрғындардың дені наразы болған көрінеді. Жергілікті әкімдік тарапынан тек қала орталығы ғана тазаланғасын, үй маңындағы суды үнемі сорғызу қалтаға ауыр тиеді дейді жұрт.

Атырауда ассенизатор жүргізушілері шу шығарды

Бізде осы кәсіптен басқа жұмыс жоқ. Арнайы тіркеліп, шарттарымызды жасап, қызметімізді істеп жатырмыз. Осы арқылы әркім отбасын асырап отыр. Несиеміз де аз емес. Бізге кәріз суын төгетін екінші нүкте керек. Қазір қаладан 10 шақырым жерге апарып жүрміз. Дизель қымбаттағанда, ол жаққа сабылу тиімсіз. Ақшамыздың бәрі жолға кетеді. Егер де бізге қала ішінен сондай жер қарастырса, тұрғындардан алатын қызметтің ақысын біз де түсіреміз, - дейді тұрғындардың бірі Рүстем Қуанов.

Көлік иелерінің сөзінше, жауын күндері жергілікті билік қаланың сол жағалауындағы кәріз суын тазарту қондырғысына лас су төгуге рұқсат беріп, барлық ассенизатор жүргізушілерін сол жұмысқа жұмылдырады. Ал өзге уақытта ол аумаққа лас суды төгуге рұқсат жоқ. Бірақ азаматтар кейбір көліктердің сол жерге төгетінін көреміз деп ашулы. Сонда талап бәріне ортақ болмағаны ма деп ренжулі олар.

Атырауда ассенизатор жүргізушілері шу шығарды

Егер де біз сол кәріз тазарту қондырғысына төккіміз келсе, бізге биобактерия бар, сіздер онда май төгесіңдер деп рұқсат етпейді. Бірақ, бізден басқа ол аумаққа күніне 20 шақты көлік кіріп-шығып жатады. Сонда олардың суы таза болғаны ма?! Жоғарыда, Атырау су арнасында таныстары бар адамдар ғана пайдалана ала ма сонда ол жерді. Бізге де басқа жер бөлулерін талап етеміз, - дейді ассенизатор жүргізушісі Салауат Көлбаев.

Базынасын айтуға жиналған жұртпен Атырау су арнасының өкілдері келді. Олар мәселемен жақсы таныс екендерін айтады. Бірақ жүргізушілердің талабын орындап, сол жағалаудағы қондырғыға кәріз суын төгуге рұқсат бере алмайтындарын айтады. Дегенмен, мәселені шешу бағытында жергілікті билікке ұсыныс береміз деп отыр.

Вакуум иелерінің жағдайымен таныспыз. Жаңа жер қарастырғымыз келеді. Қаланың сол жақ бөлігіндегі КОС-та кәріз суын төгетін жер қарастырылмаған. Жобада жоқ. Қазір біз оны ұсыныс ретінде әкімдікке жолдадық. Дәл қазір оған рұқсат бере алмаймыз. Егер қазір төгетін болса, кейбір құрылғылар, соның ішінде насос істен шығады, - дейді «Атырау облысы су арнасы» КММ бөлім жетекшісі Ғасыржан Лекеров.

Әкімдіктегілер, бұл проблема бүгін-ертең шешілмейді деп ашық айтты. Себебі кәріз тазарту қондырғысын вакуум иелеріне ыңғайлы қылып жасақтау үшін, қосымша құрылғылар қажет екен.

Қазір жауапты мамандармен жиналып, бір шешімге келетін боламыз. Өйткені, дәл қазір онда төгетіндей мүмкіндік жоқ. Себебі қосымша қондырғылар қою керек. Тұнба, резервтік резервуар деген сияқты. Рұқсат етілмейтін қоспалары бар қалдықтар кетіп қалған жағдайда, оны басқа жаққа айдап жіберетіндей мүмкіндік болу керек, - деді Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары.

Әзірге ассенизатор жүргізушілер кәріз суын қала сыртына тасуға мәжбүр. Олар жұмыстарын бұрынғы жүйемен жалғастыра береді. Алайда, алдағы уақытта қаланы су басып, біздің көмегіміз қажет болса, биліктегілерге көмектесуге бас тартатын боламыз деп отыр. 

Айта кетейік, жалпы Атырау қаласында жауын суы мен кәріз суын тазартатын 300-ге жуық ассенизатор көлігі бар.

Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы