14 наурыз - Көрісу күніне орай Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры алаңында «Амал келді - жыл келді» атты мәдени-көпшілік шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Атырау облысы әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме.
Концерттік бағдарлама «Көрісу» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды әз Наурыздың жаршысы - Көрісу күнімен құттықтады.
Біз үшін бүгін ерекше күн! Бұл күні тек көктеммен бірге тіршілік оянып қана қоймай, қыстан аман шыққан халық ағайынның амандығын біледі. Сондай-ақ, пендешілікке салынып араздасқан жандар кешірімдесіп, татуласатын күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, өркениеті дамыған елдердің мәдениеті араласқанда өзіміздің мәдени құндылықтарымызды жоғалтып алмай, берік болуымыз керек. Көрісу - ата-бабамыздан бойымызға біткен текті дәстүр. Оны ешқашан ұмытпай, жастарға дәріптеуіміз керек. Қадірлі ағайын! Көрісу күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді С.Шәпкенов.
Мерекелік шара М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театр әртістерінің өнерімен жалғасты. Олар көрісу салтын сахналап, сал-серілер өнерін ортаға салды. Жігіттер мен қыздар айтысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жас келіндер қонақтарға шашу шашты.