Атырауда 39 мыңнан астам адам төтенше жағдайға байланысты жәрдемақы алады

10 Сәуір 2020, 13:11
1264
Бөлісу:
Атырауда 39 мыңнан астам адам төтенше жағдайға байланысты жәрдемақы алады

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы бойынша төтенше жағдайға байланысты жәрдемақыны 39 мыңнан астам адам алады. Ал бүгінге дейін әлеуметтік төлемді жұмыссыз қалған 8557 атыраулық алған.

Атырау облысында әлеуметтік төлем туралы түсіндірме жан-жақты жүргізіліп жатыр. Әкімдіктің барлық сайттарына, сенім телефондарына күні-түні хабарласып жатқандар бар. Өйткені мына қиын жағдайда жұмыссыз қалған атыраулықтардың саны күн санап артуда. Атырау облысында атаулы әлеуметтік көмек 1258 адамға тиесілі. Бұл кедейлік шегіндегі отбасылар. Жалпы облыстағы әлеуметтік әлсіз топтарға, мұқтаж отбасыларына азық-түлікпен дәрі-дермекпен көмекті біз аймақтағы демеушілердің, яғни жомарт жандардың қолдауымен жүзеге асырып жатырмыз. Қаладағы 190-нан астам отбасыға жуықта осындай көмек берілді. Бұл жұмыстар облысқа қарасты барлық аудандарда да үздіксіз жасалып жатыр. Сондай –ақ, көп балалы, жалғыз басты аналарға да қол ұшын беріп, қажетті азығын, гигиеналық құралдарын жеткізілуде. Еріктілер де мұқтаждардың тізімін алып, қайырымды іс жасап жарысып жатыр,-дейді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Төтенше жағдай кезеңінде 2 АЕК мөлшеріндегі жәрдемақыны атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалар, он алты жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, барлық мүгедек жандар, сондай ақ, жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар ала алады екен. Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша бұл барлық азаматқа автоматты түрде тағайындалады.

 

Өзгелердің жаңалығы