Атырау облысында психотроптық заттарды заңсыз сақтады деген күдікпен 28 жастағы әйел ұсталды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен №2 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері бірлескен жедел-іздестіру іс-шарасы барысында күдіктіні көпқабатты тұрғын үй ауласында қолға түсірген.
Тексеру кезінде әйелден «Тропикамид» психотроптық препаратының 159 құтысы тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті психотроптық заттардың заңсыз айналымы қоғамға айтарлықтай қауіп төндіретінін еске салды. Ведомство мәліметінше, өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.