Атырау облысындағы Сафон ауылында каналды жылқымен кесіп өтпек болған 12 жасар бала абайсызда суға құлап, қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы оқиға бүгін, 30 мамыр күні сағат 15:00-де Атырау облысы Құрманғазы ауданында болды.
Бала мал айдап жүріп, абайсызда аттан құлаған. Жедел іздестіру-құтқару жұмыстары барысында баланың денесін сағат 15:30 шамасында жергілікті тұрғындар тапқан. Марқұмның денесі туысқандарына берілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінен 8 жеке құрам және 2 техника, аудандық полиция бөлімінен 1 қызметкер және 1 техника және жергілікті тұрғындар, яғни, 20 ерікті және 2 жүзу құралы жұмылдырылды, – делінген Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметте.
Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша су айдындарында 3 адам қаза тапқан. Оның екеуі бала.