Атырауда 1 млрд теңге бөлінген трансформатор құрылысы аяқталмай жатыр

4 Сәуір 2023, 18:54
998
Бөлісу:
Атырауда 1 млрд теңге бөлінген трансформатор құрылысы аяқталмай жатыр
Фото: автордан

Атырау қаласы Зарослый елді мекеніндегі тұрғындар жарықтан тарығып отыр. Бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген трансформатордың құрылысы тағы кешігетін болды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ауылдағы жер учаскелері беріле бастаған кезде трансформатор құрылысы да қолға алынған. Бірақ бақылау болмағасын, оның бәрі ұрланған екен. Жауаптыларға жұмысты қайта жүргізуге тура келді. Соның салдарынан жұрт жарықтан тарығып отыр. Электр желісінің қуаты өте аз. Тұрғындар қаншама тұрмыстық техникамыз күйіп кетіп, әбден шығынға баттық деп ашулы.

2004 жылы кезекте тұрған адамдарға жер бере бастағанда, біз бірінші болып келдік. Жер берілер алдында тоқ ұрланған деп айтты. Былтыр бір мердігер компания жұмысты бастады. Сол кезде қуанып қалып едік. Былтыр желтоқсан айына дейін аяқтаймыз деген болатын. Керек құралдың бәрі алынды, сақадай сай деген. Бірақ біз ешқандай жұмысты көрген жоқпыз. Қыс бойы бірде-бір жұмысшы шыққан жоқ. Сол күйі тұр мына тоқ. Егер бұл да қолға алынбаса, тағы ұрлап кетеді. Алдымызда жаз келе жатыр. Ыстық басталады. Сол кезде желдеткішті қоса алмай қиналамыз тағы, қиыншылық көреміз, - дейді ауыл тұрғыны Светлана Құспантаева.

300-ге тарта үйі бар елдімекен тұрғындары барлық коммуналдық төлемдердің ақысын уақытында төлеп отырғандарын айтады. Бірақ көрсетілетін қызмет сапасы көңіл көншітпейді дейді.

Атырауда 1 млрд теңге бөлінген трансформатор құрылысы аяқталмай жатыр

Біз жарық, су, қоқыс және өзге қызметтердің бәріне ақшасын уақытында төлеп отырмыз. Бірақ сапасы өте нашар. Бізде қоқыс жәшіктерінің өзі жоқ. Интернет желісі де ұстамайды. Бұл мектеп оқушылары мен өзге білім алушыларға үлкен қолайсыздық тудырады. Бұл 3-4 жылдан бері айтылып келе жатыр. Бірақ әлі күнге дейін шешімі жоқ, - дейді тұрғындардың бірі Асылбек Исаев.

Тұрғындармен жүздесуге келген округ әкімі трансформатор құрылысын «ICOM LTD» ЖШС жүргізіп жатқанын айтады. Жұмыс жаз айында толық аяқталады дегенге сендірді.

Осы жылы, мамыр немесе маусым айларында Зарослый елді мекенінің тұрғындары жарықпен толық қамтылады. Мәселе шешіледі. Уәде беремін, - дейді Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қалмурзин.

Бірақ шендінің бұл сөзіне тұрғындар сенбейді. Себебі өткен жылы қала әкімі Мейірім Қалауидың өзі, құрылысты жыл соңына дейін аяқтаймыз деп уәде беріп, сөзінде тұрмаған дейді бұқара.

Маусым айына дейін аяқталады дегенге сенбейміз. Өткен жылы ғана Мейірім Қалауи жыл соңына дейін аяқталады деп уәде берген. Әлі күнге дейін жарыққа жарымай отырмыз. Тұрмыстық техниканы бірінен соң бірін қосамыз. Әйтпесе күйіп кетеді. Онсыз да шығынға баттық. Енді тағы да жаз бойы солай отырамыз, - дейді ауыл тұрғыны Эльмира Мұртазаева.

Осылайша тұрғындар жарықты тағы жарты жылға жуық күтулері керек. Жазда трансформатор құрылысы аяқталмаса, тағы да наразылыққа шықпақшы.

Өзгелердің жаңалығы