Атырау полицейлері қылмыстық топтан бір келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz.
26 қаңтар күні Атырау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 5 адамнан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкереледі.
Топтың құрамындағы кәмелетке толмаған 17 жастағы күдіктінің алаяқтық дерегі бойынша мемлекетаралық іздеуде тұрғаны анықталды.Ұсталғандар Тараз қаласының 29, 22,19, 18, 19 жастағы тұрғындары.
Тексеру кезінде олардан 1,2 келі, яғни 4 мыңға жуық дозаны құрайтын синтетикалық есірткі заты, сондай-ақ екі электронды ас үй таразысы, жеті электр таспасы, фольга және тағы да басқа заттар анықталып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі мефедрон екені анықталды. Олар жеңіл пайда табу мақсатында Тараз қаласынан Атырау қаласына арнайы келген. Дәлелдеме ретінде қылмыстық топтың ақшалай қаражатты туыстарының атына аударып, иемденіп отырғандары анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сəйкес жариялануға жатпайды.