Атырау облысының әкімі тұрғындарға видеоүндеу жолдады

1 Тамыз 2021, 22:29
3123
Бөлісу:
Атырау облысының әкімі тұрғындарға видеоүндеу жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыс тұрғындарына үндеу жолдады.

Бұл туралы instagram-дағы akimat_atyrau парақшасында жарияланды. 

Қазір елде, облысымызда эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Соңғы 4 күнде қауіпті індет жұқтырған 24 адам қайтыс болды. Бейбіт күнде осынша адамнан айырылу үлкен қасірет. Комиссия шешімімен 2 тамыздан бастап еліміздің 5 қаласында қатаң шектеулер енгізіледі. Эпидемиологиялық жағдайы күрт нашарлаған қалалар қатарында Атырау да бар, - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымдардың қызметі уақытша тоқтатылады. Бұқаралық шараларға тыйым салынады.

Егер жағдай ушықса, қазіргіден де қатаң шешімдер қабылдауға тура келеді. Былтырғыдай жағдайға жеткізбеу өз қолыңызда, ағайын, - деді өңір басшысы. 

Ол карантин талаптары сақталмағандықтан, вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп жатқанын алға тартты. Облыста індет күн сайын 400-ден астам адамнан анықталуда. Бір жарым мыңдай адам инфекциялық стационарда ем алып жатыр.

Амбулаторлық ем қабылдап жатқан тұрғындар саны 4 мыңға жуықтады. Қауіпті инфекцияның жұғуы былтырғымен салыстырғанда, 1,5 есе өскен. Былтыр шілде айында 5 867 жағдай тіркелсе, биыл осы айда 9 030-ға жетіп отыр. Өкінішке қарай, жансақтау бөлімінде 78 адам ауыр жағдайда жатыр, - деді Досмұхамбетов.

Науқастардың басым бөлігі инфекцияны той-томалақ, ас кезінде жұқтырған. Әкім тұрғындарды вакцина салдыруға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы