Атырау облысындағы ауылдарда су желілерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

25 Сәуір 2025, 19:45
782
Бөлісу:
Атырау облысындағы ауылдарда су желілерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Фото: Махамбет ауданының әкімдігінен

Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты 6 елдімекен тұрғындарын ауыз сумен қамту мақсатындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін тіршілік нәрін тасып ішетін жұрт үшін су желілері салынуда. Бұл туралы аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев мәлімдеді. Одан өзге аудан басшысы әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Махамбет ауданында бас-аяғы 15 су тазарту қондырғысы бар. Халықтың 98,1% ауыз суды орталықтандырылған су желісі арқылы тұтынады. 

Ал Есмахан, Көздіқара, Томан, Атамбаев, Бала Ораз, Кеңөріс сынды 6 шағын ауыл жұрты осы уақытқа дейін таза суды автокөлікпен тасып ішетін болды. Кейін аудан әкімдігі тарапынан елді мекендерге іргелес ауылдық округ орталықтарының су тазарту қондырғыларынан су желілерін жүргізуге облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына сұраныс берілді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды.

Көздіқара елді мекенінде құрылыс жұмыстары бітуге жақын, Есмахан және Атамбаев елді мекендерінде су желілері жүргізіліп, мұнара орнату сатысында, ал Бала Ораз елді мекенінде орнату жұмыстары аяқталып, қабылданды. Мұндай жұмыс Ақтоғай мен Жалғансай ауылдарында да жүріп жатыр. Ақтоғай ауылына ауыз су желісін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, жұмыс жобасы бойынша  сараптамадан оң қорытынды алынды. Жалғансай ауылының жаңа мөлтек аудандарына су желісін жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, 2024 жылы сараптама қорытындысы алынды. Қазір құрылыс жүріп жатыр, - дейді Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев. 

Махамбет ауданы бойынша 123 шақырым республикалық, 81,4 шақырым облыстық, 260 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Республикалық жолдың100 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 95,9 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Дегенмен жөндеуді, жаңартуды қажет ететін жерлер де жоқ емес. 

Алға ауылының ауылішілік автомобиль жолының күрделі жөндеуіне қаржы бөлінді, қазіргі таңда 4 шақырым негізгі қабаты салынып, асфальт жабындысы төселуде. Мердігер мекеме «АБС Лимитед» ЖШС. Жұмыстың 60% орындалды. Талдыкөл ауылының кірме жолының бір шақырым жолы зақымданған болатын. Қазіргі уақытта мердігер мекеме аталған жолға киыршық тас пен ескі асфальттың жабындысымен кедергісіз өту үшін, ауыл тұрғындарына уақытша жол жасады. Алайда, күні бүгін кірме жол құрылысының негізгі қабаты толық жарамсыз болуы салдарынан жобаға түзетулер енгізілуде. Түзетулер аяқталысымен жұмыстар қайта басталады, - деді Қ.Нұрлыбаев. 

Ауданда қарашаны баспанамен қамту мәселесі де өзекті. Қазір тұрғын-үй кезегінде 1361 адам тұр. Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы саны 23 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың 4-і коммуналдық меншікте. Қалған 19 үйлердің пәтерлері жекешелендірілген, оған қоса 3-і апатты деп танылған. 

Бүгінде облыстық бюджет қаражаты есебінен 30 үйді сатып алу жұмыстарына 540 млн теңге бөлініп Махамбет ауылы, Ж.Қартқожақов көшесі №20 көппәтерлі апаттық тұрғын үйдің және А.Құнанбаев көшесі №169 көппәтерлі апатты тұрғын үйдің тұрғындарын жаңа пәтерге көшіру жұмыстары толықтай атқарылды. 

Сарайшық ауылындағы Н.Абуталиев көшесі №6Б көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарын көшіру жұмыстары 2023 жылдан бері жүргізілуде, қазіргі уақытта 8 пәтер толықтай көшірілді. 2024 жылдың соңына дейін аудандағы тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік осал топтары санатында тұрған азаматтарды кезектіліктеріне сәйкес 46 үймен қамтылуы жоспарланды. 13 азаматқа ресми түрде келісім шарт жасақталды, қалған 33 азаматтарға 2025 жылы тұрғын үй табысталуы жоспарланып отыр, - дейді Аудандық құрылыс,сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жігербек Төлеуғалиев.

Махамбет ауданында 11 мәдениет үйі, 1 ауылдық клуб, 12 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді екен. Онда бүгінге дейін 510 мәдени шара өткізіліпті. 9 кітапхана интернет желісіне қосылған. Аудан бойынша Ортақшыл, Алға, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарына 200 орындық мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, аяқталды. Мемлекеттік сараптамадан өтуде. 

Сонымен қатар, Махамбет ауылынан 400 орындық мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін жергілікті бюджеттен 7 560,0 мың теңге қаралып, қазіргі таңда көлік тұрағының жері заңдастырылып, жұмыс жобасын мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін порталға құжаттары жүктелгенін айтады жауаптылар.

Бейбарыс, Талдыкөл және Алға ауылдарынан дене шынықтыру - сауықтыру кешенін салу жобасы демеушілік арқылы жасақталып жатыр. Сарайшық және Ортақшыл ауылына дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің жобасы облыстық құрылыс басқармасы арқылы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс жұмыстарына Ортақшыл ауылына 1 824 370 теңге және Сарайшық ауылына 1 158 723 мың теңге қаржы қажет. 2024 - 2025 жылдар аралығында Бейбарыс, Талдыкөл және Алға ауылдарында спорт кешені құрылысын салу жоспарланып, Таңдай ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр, - дейді Ж.Төлеуғалиев. 

2025 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 3 өндірістік кооператив, 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 591 шаруа қожалық тіркелген. 330 егін шаруашылығымен, 300 мал шаруашылығымен айналасып келеді. Махамбет ауданы бойынша 44 шаруашылықтың жылжымайтын мүлігі 2024 жылғы тасқын судан зардап шегіп, қазіргі уақытта өтемақы алуға өтініш білдірген болатын, шаруашылық құжаттары арнайы облыстық комиссиямен зерделену барысында. 2025 жылы  аудандағы 500 га жерге картоп, 1060 га жерге көкөніс, 440 га жерге бақша мен 2500 га жерге мал азықтық дақылдар егу жоспарланыпты.

Көктемгі дала жұмыстарына 8 шаруашылық 260 тонна жеңілдетілген дизель отынына сұраныс беріп, күні бүгінде тасымалдануда. Сонымен қатар, 18-шаруа қожалығы биылғы егістік науқанына 494 тн аммиак селитрасы, 3-шаруашылық 5 тн аммофос тыңайтқышына сұраныс беріп, күні бүгінде келісім-шарттар жасақталуда. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында 1610 га жер жыртылды, қалған егіс алқабының жерлері мамыр айының соңына дейін толықтай жылтылатын болады, - деді Аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев.

Махамбетте мал шаруашлығы да дамып келеді. Қазір аудандық есеп бойынша 18679 бас ірі қара, 8109 жылқы, 5138 бас түйе мен 39869 қой-ешкі бар. Биыл 489 тоннадан астам сүт, 665 тоннадан астам ет өндірілген. 

Ауданда жалпы салалар бойынша 201 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Индустрияландыру картасына 5 жоба енгізіліпті.

Өзгелердің жаңалығы