Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 78 адам мерт болды

13 Қараша 2022, 03:35
1089
Бөлісу:
Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 78 адам мерт болды

Атырау облысында 10 айда жол апатынан 78 адам мерт болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бергі 10 айда 286 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының салдарынан 78 адам мерт болды. Жол апатынан 340 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 17, адам өлімі 36, дене жарақатын алғандар саны 18%-ға өскен, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осы кезеңде жасөспірімдердің құралын басқаруының салдарынан болған 6 жол апаты тіркеліп отыр. Жол апатынан 1 жасөспірім қаза тауып, 9-ы зардап шеккен.

Мәселен, 9 қарашада Құрманғазы ауданында тұратын 14 жастағы жасөспірім ата-анасының рұқсатынсыз Toyota Corolla көлігін айдап кетіп, жол жиегіне аударылған. Салдарынан кәмелетке толмаған жүргізуші мерт болып, оның қасындағы 4 жасөспірім әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.

Ал, 10 қарашада «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тас жолдың 326-шақырымында Chevrolet автокөлігінің жүргізуші арақашықтықты сақтамаған. Сөйтіп, алдында келе жатқан Toyota автокөлігіне соғылған. Жол-көлік оқиғасынан Chevrolet автокөлігіндегі 3 жолаушы әртүрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, жол-көлік оқиғасы бірнеше себептің салдарынан болады. Біріншіден, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, екіншіден, жаяу жүргіншілерді қағу, үшіншіден, жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу, төртіншіден, жылдамдықты шамадан тыс асыру, бесіншіден, арақашықтықты сақтамаудың кесірі тиеді.

Өзгелердің жаңалығы