Атырау облысында жыл басынан бері 19 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

20 Мамыр 2024, 13:57
578
Бөлісу:
Атырау облысында жыл басынан бері 19 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты
Фото: BAQ.KZ -архив

Атырау облысында жыл басынан бері мансап орталықтарына 22 418 адам жүгінді. Олардың 18 918-і көмек алып, жұмысқа орналасты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылдың басынан өңірде 789 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 4 923 тұрғын мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына тұрды.

Биыл әлеуметтік қолдау шараларына қазынадан 7 364,0 млн теңге бөлініп, 40 523 адамды қамту жоспарланды. Оның ішінде:

- 9 348 адамды ваканттық жұмыс орындарына орналастыру;

- 357 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына;

- 1 490 адамды жастар практикасына;

- 3 059 адамды қоғамдық жұмыстарға;

- 85 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету;

- 250 адамды ТШО арқылы оқыту;

- 72 адамға бірреттік ваучерлерді беру;

- 20 041 адамды кәсіптік бағдарлаумен қамту;

- 2 615 адамды «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;

- 1 880 адамды онлайн skills арқылы оқыту:

- 291 адамға өз ісін ашуға гранттарды беру;

- 142 жасқа 2,5% жеңілдік пайызбен микрокредиттер беру;

- 259 жасты «Алғашқы жұмыс орны» жобасына;

- 600 адамды «Күміс жас» жобасына;

- 18 жасты «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына орналастыру;

- 8 мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құру.

2024 жылдың 1-ші мамырына әлеуметтік қолдау шараларымен 18 198 адам қамтылып, 1 204,9 млн. теңге игерілді.

«Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыған 362 адам сертификат алды. 7 адам мекеме арқылы қысқа мерзімді оқу курстарына жолданса, кәсіптік бағдарлаумен 10 772 адам қамтылды. Мүгедектігі бар 9 адам үшін арнайы жұмыс орындары құрылып, тұрақты жұмыспен қамтылды.

2024 жылы жастарды кәсіпкерлікке тарту бағытында 142 жасқа 710,0 млн теңгеге микрокредиттерді беру жоспарланыпты. Микрокредиттерді мамыр айынан бастап 2,5% жеңілдікпен «Агронесие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалы арқылы беріледі. Бұл ретте облыс бойынша бизнес-жобаларды іріктеу бойынша өткен жылы құрылған конкурс комиссиясы жұмысын жалғастырады. Комиссия құрамына кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, мәслихат депутаттарының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен, ғылыми-білім беру мекемелерінің, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының, салалық сарапшылардың-«Атырау» ӘКК-ның өкілдері енгізілді. Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу бағытында жастарға микрокредит 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы - 5 миллион теңгеге дейін.

Микрокредитті 21 жылдан 35 жасқа дейіңгі жастар және дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аспаған кәсіпкерлер ала алады. Микрокредит алу үшін үміткерлер сенім білдірілген өкілге (Агронесие корпорациясына, әрі қарай-АНК) тиісті құжаттарды ұсынады. АНК-ға түскен құжаттар жан-жақты тексеріліп және олардың микрокредит беру талаптарына сәйкестігімен ұсынылған бизнес жобаға бағалау жүргізеді.

Микрокредиттерді беру мақсатында бизнес-жобаларды іріктеу үшін құжаттар облыстық конкурстық комиссияға ұсынылады. Комиссия шешімімен бизнес-жобаларды қорғау нәтижесімен оң баға берілген жағдайда микрокредиттер беріледі. Кепіл болуы міндетті. Кепілге жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік жатады, -дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.

Микрокредиттер бойынша келесі мақсаттарды қаржыландыруға тыйым салынады:

1. жылжымайтын тұрғын мүлікті (оның ішінде малшыларға арналған уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) сатып алу, салу немесе жөндеу, жер учаскелерін сатып алу (кез-келген нысаналы мақсатпен);

2. бағалы қағаздарды сатып алу (портфельдік инвестициялар);

3. қаруды (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөліктерді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алу;

4. ойын бизнесін ұйымдастыру және (немесе) дамыту;

5. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған террористік және кез-келген осымен байланысты өзге де қызметті;

6. моторлы көлік құралдарын шығаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді, сондай-ақ темекі жән/немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығару;

7. кредиторлық берешекті өтеуге;

8. бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық мақсаттар.

Жұмыспен қамту шараларының белсенді бір түрі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері. Жыл басынан бері 99 жұмыс берушінің қатысуымен 9 жәрмеңке өткізілді. Оған 1 488 адам қатысты. Жәрмеңке қорытындысымен 146 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Биылғы жылы облыс көлемінде мүгедектігі бар адамдар үшін 8 арнайы жұмыс орындарын құру жоспарланды. Аталған шараларға 8,9 млн теңге және мүгедектігі бар 16 адамның жалақысын ішінара субсидиялауға 9,7 млн теңге қарастырылды. Бұл шаралар кресло-арбамен жүріп-тұратын, есту және көру қабілетінен айырылған мүгедектігі бар адамдар үшін ұйымдастырылады. Жұмыс берушілерге субсидиялар арнайы жұмыс орындарын жарықтандыру үшін құрал-жабдықты сатып алуға, монтаждауға және орнатуға кеткен шығындарды өтеу мақсатында беріледі. Жұмыс берушілерге субсидиялар уақытша жұмыс орындарын жарықтандыруға берілмейді,-дейді Азамат Мәмбетов.

Жұмыспен қамту шараларынан бөлек, облыста әлеуметтік қолдаудың өзге де бағыттары жүргізілуде. 2024 жылдың 1-ші мамырындағы мәлімет бойынша 643 отбасындағы 3815 адамға 157,7 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 472 отбасындағы 2983 адамға шартты ақшалай көмек, 176 отбасындағы 862 адамға шартсыз ақшалай көмек.

2024 жылдың 1 мамырына мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында өтініш берген 11 935 мүгедектігі бар адамдар, 6 351-і немесе 53,2%-і Әлеуметтік қызметтер Порталы арқылы құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді. Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауды қамтамасыз ететін 82 инватакси қызметі көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы