Атырау облысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 7 млрд теңге бөлінген

26 Наурыз 2025, 11:40
369
Бөлісу:
Атырау облысында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 7 млрд теңге бөлінген
Фото: BAQ.KZ архив

Биыл Атырау облысындағы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген. Ол қаржының арқасында 47 мыңнан астам тұрғынға көмек көрсету жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 


Салаға бағытталған миллиардтардың арқасында жауапты басқармадағылар 10 169 адамды ваканттық жұмыс орындарына орналастыруды, 312 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 639 тұрғынды қоғамдық жұмыстарға, 2 283 адамды жастар практикасына, 478 жасты "Алғашқы жұмыс орны" жобасына, 18 жасты "Ұрпақтар келісім-шарты" жобасына орналастыру, 1 507 адамды "Күміс жас" жобасына, 73 атыраулықты қысқа мерзімді курстарда оқытуды және өзге де жобалар аясында шараларды жүзеге асыруды көздейді. 

Одан өзге 125 адамды ТШО арқылы оқыту, 1 985 тұрғынды "Бастау-Бизнес" жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, 1 880 адамды онлайн skills арқылы оқыту, 20 000 адамды кәсіптік бағдарлаумен қамту жоспарда бар. Мысалы, "Күміс жас" жобасы бойынша 1 507 адамды қамту жоспарланып, 2 айда 914 адам қамтылды. Оның ішінде 245 жаңа қабылдау және 669 өткен жылғы жалғастырушылар. Бұл бағытқа 1 млрд. 177 млн теңге қаражат бөлінді, бұл бағыттағы шаралар қала мен барлық аудандарда ұйымдастырылды,-дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов.

Зейнеткерлерден бөлек облыста жастардың жұмыссыздығын азайту бағытында да біраз жұмыс атқарылып жатыр. Жыл басынан бері қала, аудандардағы мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 3 251 жас хабарласқан. Оның 1 622-сі, яғни 49,9% жұмыспен қамтылыпты. 374-і тұрақты, 1 248-і мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған. Хабарласқан жастардың ішінен 3 158 адамға әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілді. 

Биылғы жылдың 11-ақпанында "Жұмысшы мамандықтар жылына" орай жұмыссыз азаматтар үшін, соның ішінде жастарға бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, жұмыспен қамту шаралары қабылданды. Жәрмеңке барысында мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары туралы ақпараттар беріліп, түсінік жұмыстары жүргізілді. Жыл ішінде 55 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі мен жұмыс берушілердің қатысуымен 100 Ашық есік күндерін өткізу жоспарлануда,-деді Хасанов. 

Өңірде әйелдердің жұмыссыздығы 4,8 пайызға жеткен. Жыл басынан мансап орталықтарына 6 591 әйел жүгінген. Әлеуметтік қолдау шараларымен 6 321 әйелдер қамтылды.Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, 447 әйел онлайн skills арқылы және "Бастау-Бизнес" жобасымен 184 адам оқытылды. Кәсіптік бағдарлаумен 3 242 адам қамтылды. 2 448 әйел жұмыспен қамтылды, оның ішінде 1 596 адам қоғамдық жұмыстарға, 105 адам әлеуметтік жұмысқа, 87 жас маман жастар тәжірибесіне жіберіліп, 660 әйел адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына 1 788 әйелдер орналастырылды. Аталған шаралар жөнінде қала, аудандарда құрылған мобильдік топтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түсініктер берілуде. Ал жалпы 2025 жылдың 1 наурызына дейін қала, аудандардағы мансап орталықтарына жұмыс мәселесі бойынша 15 982 адам хабарласты, оның 9 121-і әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етіліп, 300,3 млн.теңге қаражат игерілді. Мансап орталықтарына хабарласқандардың ішінен 6 591-і әйел, 3 251-і жастар, 136 аз қамтылған және 537-і мүгедектігі бар адамдар құрайды,- дейді Полымбет Хасанов. 

Есепті кезеңде облыс бойынша 5 509 адам жұмысқа орналастырылған. Оның 1 347-і тұрақты және 4 162-і мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген. Мүгедектігі бар азаматтарды да тиімді жұмыс орнына орналастыру басқарма назарында.

 

Өзгелердің жаңалығы