Атырау облысында жолаушылар тасымалы саласындағы бақылау күшейтіледі

15 Мамыр 2019, 14:57
2537
Бөлісу:
Атырау облысында жолаушылар тасымалы саласындағы бақылау күшейтіледі
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінде Атырау облысында жолаушылар тасымалымен 15 жеке компания айналысады, оның 9 облыс орталығында қызмет көрсетеді, 30 бағытқа 190 автобус тартылған, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нұрлан Ноғаев аймақтағы қоғамдық тасымалмен айналысатын автопарктердің иелерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

"Өткен жылы лизингтік несие бағдарламасы бойынша 91 автобус алынды, бірақ Атыраудағы қоғамдық көлік жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін тағы 150 автобус керек. Осы бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр, алдағы жылдары мәселе шешіледі", - деді жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде қоғамдық көлікті дамыту тұжырымдамасы табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті. Автопарк жаңартылып, электронды билет жүйесі енгізілген. Биыл қаладағы 11 көше қайта жаңғыртылады, жаңа аялдамалар орнатылады. Қоғамдық көлік саласындағы субсидиялау нәтижесінде кондукторлар мен жүргізушілердің еңбекақылары көтерілді.

"Тұрғындар тарапынан қоғамдық көлік қызметіне, кондукторлар мен жүргізушілердің дөрекіліктеріне қатысты шағымдар бар. Бақылауды күшейтіп, орын алған мәселелерді уақытылы шешу керек. Жолаушылардан әлеуметтік желілердегі шағымдар азайып келеді, бірақ бар, бұл әлі де осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру керектігін көрсетеді", - деді Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысында жолаушылар тасымалы саласындағы бақылау күшейтіледі

Атырау облысы аудандарында жолаушылар тасымалына қатысты жұмыстар көңіл көншітпейді. Жолаушылар автобусы тек Жылыой ауданына қатынайды. Басқа аудандарға такси ғана жүреді.

"Облыстың барлық аудандарында қоғамдық көлікті субсидиялау мәселесін қарастыру қажет. Мысалы, Исатай, Махамбет, Индер аудандарына баратын жолдардың жағдайлары жақсы, осы бағыттарға жайлы автобустар шығару керек. Ауыл тұрғындары тарапынан сұраныс жоғары болатынына сенімдімін", - деді аймақ басшысы.

Атырау облысында жолаушылар тасымалы саласындағы бақылау күшейтіледі

Нұрлан Ноғаев қоғамдық тасымал саласында бақылауды күшейтуді тапсырды. 


Өзгелердің жаңалығы