Атырау облысындағы түйе өлімінің себебі анықталды

5 Тамыз 2019, 23:58
5622
Бөлісу:
Атырау облысындағы түйе өлімінің себебі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысы Жылыой ауданындағы барлық түйеге паразитке қарсы дәрі-дәрмек беріліп жатыр, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

​3-28 шілде күндері аралығында Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында және Құлсары қаласына қарасты Жадырасын ықшам ауданында 11 бас түйе шығын болған болатын. Шығын болған сәттен бастап, сараптама жасалды. Сараптама нәтижелері облыстық ветеринария басқармасына тапсырылып, қорытындысы шықты. Мамандардың айтуынша, жұқпалы аурулардың ешқандай белгілері жоқ. 

​«Түйелер жайылатын жайылымдардағы жем-шөптен және Жем өзенінен сараптама алынды. Қорытындысы бойынша нормада ешқандай ауытқушылық жоқ. Ал, түйе өліксесін потологиялық-анатомиялық жарып сою нәтижесінде көмекей қуысында көп мөлшерде құрттың бар екені анықталды. Ветеринарлар бұл цефалопиноз деген ауру деп қорытынды шығарды»,- дейді Атырау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Азамат Айтқалиев.
 
​Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша ауданда 9720 түйе бар. Барлық түйеге паразитке қарсы дәрі-дәрмек беріліп, өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы