Атырау облысы Мақат ауданында қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне бір топ жас шабуыл жасаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 3 сәуір кешінде болған.
Полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарының қызметкерлері құқыққа қарсы жағдайдың алдын алу кезінде бірнеше азамат агрессивті әрекет танытып, оларға күш қолданған. Соның салдарынан екі полицей зардап шеккен.
3 сәуір күні шамамен сағат 22:00-де Мақат ауданында полиция қызметкерлері қызметтік міндетін атқару кезінде құқыққа қарсы жағдайдың жолын кесті. Тексеру барысында бір топ азамат агрессия танытып, полиция қызметкерлеріне күш қолданғаны анықталды. Соның салдарынан екі қызметкер зардап шекті, – деп мәлімдеді өңірлік ПД баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысқан барлық азаматтардың жеке басы анықталған. Оларға қатысты процестік шаралар қабылданды. Іс «Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш қолдану» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Полиция құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасау заңды өрескел бұзу екенін және ол үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы кез келген заңсыз әрекет заңды өрескел бұзу болып саналады және заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – деп толықтырды ведомство.