Атырау облысында мыстан электритті сым өндіру зауытын салу мәселесі талқыланды

17 Мамыр 2023, 12:56
960
Бөлісу:
Атырау облысында мыстан электритті сым өндіру зауытын салу мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Серік Шәпкенов мыстан жылына 200 мың тонна электритті сым өндіретін түркиялық «Er-Bakir» ірі өндіріс компаниясының өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен аймақ басшысы бауырлас елмен көп жылдан бергі байланыстың табысты болғанын атап өтті. Кейін Атырау өңірі өндіріске, логистика саласына қолайлы, инвестициялық жобаларға үлкен мүмкіндік беретін аймақ екенін айтты.

Жиында «Er-Bakir» компаниясының директоры Маджит Ташкын Атырау облысында мыстан электритті сым өндіру жобасын іске асыруға ниетті екенін жеткізді.

 Біз соңғы үш айда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі арқылы Қазақстан экономикасына инвестиция салу туралы шешім қабылдадық. Соңғы алты жылда АҚШ экономикасына инвестиция салдық. Сондықтан шетелде тәжірибеміз жеткілікті. Біз Жезқазғаннан жылына 20 мың тонна мыс экспорттаймыз. Алайда ол тиімсіз болған соң, логистикасы қолайлы аймақтарды іздеп жүрміз. Атырау облысы бұл жағынан тиімді. Сондықтан сіздің тараптан инфрақұрылым толық жүргізілген үш гектар жер бөлуді, оны теміржол бойына жақын маңнан беруіңізді сұраймын,-деді М.Ташкын.

Серік Шәпкенов облыста инвестицияға қолайлы орта қалыптасқанын жеткізді. Сондай-ақ шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік көп екенін айтты.

 Сіздер таңдаған аймақ екі жаққа да қолайлы болуы керек. Ресей, Әзербайжан, Түркияға мыс тасымалдауда біздің өңірдің көлік логистикасы сай келеді. Соған ыңғайлы деген аймақтарды белгілеп береміз. Электр жарығы үздіксіз болуы үшін генератор қоюға да рұқсат. Жер мен газ мәселесін шешіп береміз. Зауыт салу үшін үш гектар жер бөлінсе, жанынан тұтынушылар үшін қосымша үш гектар орынды қарастыру керек. Мен сіздің бұл жобаңызды қолдаймын,-деді С.Шәпкенов.

Атырау облысының Түркия Республикасымен сыртқы сауда айналымы 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында 528,5 млн АҚШ долларын құрағанын айтып кету керек. Оның ішінде экспорт - 519,6 млн.АҚШ доллар, импорт - 8,9 млн. АҚШ доллар.

Өзгелердің жаңалығы