Атырау облысында мемлекеттік мүлікті заңсыз сату фактілері анықталды

11 Шілде 2019, 02:38
1833
Бөлісу:
Атырау облысында мемлекеттік мүлікті заңсыз сату фактілері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Атырау облысы Жылыой аудандық прокуратурасы мемлекеттік мүлікті заңсыз сату және пайдалану фактілерін анықтады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарына сәйкес мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару аукцион арқылы жүзеге асырылады.

Алайда, «Жылыой Су» мемлекеттік кәсіпорны аталған Заң талабын бұза отырып, «Intermet Group» ЖШС-мен бағалау құны 16 млн. теңге тұратын қара металдарды (су құбырларын және су сақтау қазанын) сату шартын жасаған.

Осы тектес, Құлсары қаласының әкімдігі ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру» қағидаларының талабын сақтамай, құны 32,4 млн. теңге құрайтын арнайы техникаларды «Жылыой Тазалық» ЖШС-не тендер өткізбей, сенімгерлікке берген.

«Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заң бұзушылықтар жойылып, бағалау құны 48,4 млн. теңге тұратын мүлік мемлекетке қайтарылды. Жауапты 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды»,-делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы