Атырау облысында «Мақат-Индер» теміржол желісі жөнделеді

10 Қыркүйек 2021, 04:45
2232
Бөлісу:
Атырау облысында «Мақат-Индер» теміржол желісі жөнделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұдан отыз бес жыл бұрын пайдалануға берілген жол бүгінде тозып тұр, оны күрделі жөндеу жүк тасымалын жақсартып, өндіріс көлемін арттырады деп күтіліп отыр, деп жазды inbusiness.kz.

Белгілі болғандай, 2022 жылға жоспарланған жоба құны 1,4 млрд теңгеге бағаланған. Оны «Темір Жол Индер-Мақат» бірлескен кәсіпорны «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен жүзеге асырмақ. Аталған теміржол желісінің ұзындығы 175 390 метр құрайды. Жолдың жағдайын жақсарту арқылы оның жүк өткізу қабілетін 90 пайызға дейін ұлғайту көзделген.

«Атырау» ӘКК баспасөз хатшысы Гүлназ Кәрімжанның айтуынша, қазіргі күні жобаға қатысты құжаттарға қол қойылып жатыр. 1986 жылдан бастап қолданылып келе жатқан жүк тасымалы жолының тозығы жете бастапты, оның үстіне, кезінде ескі материалдардан салынған екен. Желінің корпорацияның балансында тұрған 162 шақырымы бұған дейін «КС ТрансСервис», «Железнодорожник-2007», «Железнодорожник-2014» және «Индер Темір Жолы» ЖШС-ларына жалға беріліп келген.

Айта кетейік, теміржол арқылы аудандардан, соның ішінде, Индер ауданынан техникалық және ас тұзы, құрғақ құрылыс қоспалары мен қиыршық тас, минералды галит, гипохлорид, бутум, руда, басқа да өндіріс материалдары тасымалданады. Жаңартылған рельстер жүктің тиеу көлемін, жүру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беріп, түрлі кедергілердің салдарынан болып жататын кідірістерге жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарынан кейін кейін теміржол тұйықтарын тиімді бағаға жалға беру қызметі жолға қойылмақ.

Өзгелердің жаңалығы