Атырау облысында экологтар жетіспейді

16 Наурыз 2020, 17:06
1550
Бөлісу:
Атырау облысында экологтар жетіспейді
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облыстық әкімдігі Атырау-Қарабатан тас жолының бойын жасыл желекке айналдыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жалпы аумағы 2600 гектардан астам жер телімі де бөлінген.

Ол үшін НСОС, ТШО, АМӨЗ және "Ембімұнайгаз" компанияларынан осы іске қолдау көрсетуді сұраған. Алайда олар тал-терек отырғызуға келіскенмен, күтіп-бағуды мойындарына алғысы келмейді екен.

Атырау-Қарабатан тас жолымен Соколок каналы қиылысатын тұсынан орман алқабына алынған жалпы аумағы 2641 га участкелерде, ірі мұнай-газ кәсіпорындарын тарта отырып, жасыл екпелер егу жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. НСОС, ТШО, АМӨЗ және "Ембімұнайгаз" кәсіпорындары өкілдерімен кездестік. Әр компанияларға учаскелер бөліп алып, тал егіп, өсіруге көмек сұрадық. Бірақ бірнеше кәсіпорын қаражат жағынан қиын болатындығын айтуда. Жалпы терек егу қиын емес. Бірақ Атырау өңірінің табиғатына оны өсіріп, бағу қиын. Сондықтан біз мұнай компанияларына теректі отырғызып, оны 2-3 жыл өсіріп беруін сұрап отырмыз. Біздің есебімізше 1 гектар жерге жасыл желекті баптауға 10 млн теңге шамасында қаражат жұмсалады, - дейді Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадіржан Арыстан.
Облыс аумағында ауа райын тұрақты түрде бақылайтын 45 станса бар, оның 17-і облыс аудандарында орналасқан. Алайда мәліметтер серверге кеш түсетін болғандықтан, газ шығарындылары шекті мөлшерден асып кеткен жағдайларды дер кезінде шара алыну мүмкін болмай отыр екен.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей "ластаушы төлеп қана қоймай, ластаушы қалпына келтіреді" деген ұстанымға сәйкес, мұнай-газ саласындағы облыстың барлық ірі кәсіпорындарына зиянды шығарындыларды күрт азайту бағытында өндіріске жаңа тазарту технологияларын енгізудің нақты жоспарларын жасақтауға экология департаментіне нұсқама берілді, - дейді Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадіржан Арыстан.
Басқарма басшысы республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелер көп екендігін, соған байланысты жоғары жаққа ұсыныс жасап жатқандарын айтты.

Атап айтқанда, мұнай-газ секторындағы кәсіпорындардың атмосфераға шығаратын ластаушы заттар көлемін азайту және жағымсыз күкірт иісінің таралуына жол бермеу, Ақтөбе облысындағы "Көкжиде" жерасты суын Атырауға тарту. Сонымен қатар, облыста экологтар жетіспейді. Соның салдарынан өңірді толықтай бақылап отыруға мүмкіндік жоқ екен.

Өзгелердің жаңалығы