Атырау облысында 90 жастағы қария ұлының қорлығынан қашып шыққан

Қария түнде терезе арқылы шығып, жақындарынан көмек сұраған. Оқиғаның мән-жайын полиция тексеріп жатыр.

Бүгiн 2026, 20:52
АВТОР
 видеодан алынған кадр Бүгiн 2026, 20:52
Бүгiн 2026, 20:52
202
Фото: видеодан алынған кадр

Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылында 90 жастағы қарияға қатысты болуы мүмкін қатыгездік фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Жақындарының айтуынша, қарт кісі өз еркінен тыс үйде ұсталған. Қарияның өзі оған тамақ пен су берілмегенін, көшеге шығарылмағанын, ал қашып кетпеуі үшін қол-аяғы мезгіл-мезгіл байланып отырғанын айтқан.

Туыстарының сөзінше, зейнеткер бір сәтте өздігінен босап шығудың амалын тапқан. Ол қайшы тауып, скотчты кесіп, кейін түнде терезе арқылы сыртқа шыққан. Содан кейін туған ағасының үйіне жетіп, көмек сұраған.

Қарияны паналатқан туыстары оқиғаға әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Олардың пікірінше, бұл жағдайға зейнеткердің ұлының қатысы болуы мүмкін.

Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

19 маусым күні дене жарақатын келтіру фактісі бойынша «Ұрып-соғу» бабы негізінде қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп мәлімдеді полиция.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Жәбірленген қарияның оқиғаның мән-жайын баяндап берген видеосы HALYQSTAN телеграм-арнасында жарияланды.

Наверх