Атырау МӨЗ-іне электр энергиясын беру қалпына келтірілді

4 Шілде 2023, 10:19
1042
Бөлісу:
Атырау МӨЗ-іне электр энергиясын беру қалпына келтірілді
Фото: Энергетика министрлігі

Қазіргі уақытта Атырау МӨЗ-іне электр энергиясын беру қалпына келтірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Энергетика министрлігінің мәліметіншке, технологиялық регламенттер мен арнайы нұсқаулықтарға сәйкес пайдалану персоналы жалпы зауыттық шаруашылық объектілерін кезең-кезеңімен іске қосуды және энергия ресурстарын беруді, оның ішінде градирнялардың салқын су беретін сорғыларын, жабдықтар мен құбырлар жүйелерін және бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика (БӨАжА) аспаптарына арналған ауаны үрлеуге арналған азот компрессорларын іске қосуды бастады.

Атырау МӨЗ-інің негізгі және қосалқы объектілерінің технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін (ТПБАЖ) тексеру және баптау жалғасып жатыр.

Негізгі және қосалқы жабдықтар мен құбырлар, катализаторлар, БӨАжА және ТПБАЖ мұқият тексеріліп, дайын болғаннан кейін ғана мұнайды терең өңдеу кешенінің (R2R каталитикалық крекингі) және ароматика өндірісінің (CCR және ParamaX каталитикалық риформингі) негізгі объектілерін іске қосу және жұмыс режиміне шығару мүмкін болады.

Жағдай Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығының тұрақты бақылауында.

Еске салсақ, бұдан бұрын электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқанын хабарлаған болатынбыз. Президент Атырау мен Маңғыстауда болған жағдайды ұдайы бақылап отыр.

Өзгелердің жаңалығы