Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Ақсай ауылының тұрғындары ауыз сусыз қалды. Жыл сайын қайталанатын мәселеден мезі болған жұрт наразылықтарын білдіруге шықты. Ал биліктегілер бау-бақша қоғамдастығындағы тұрғындар проблемаларын өз қаржылары шешулері керек деген жаттанды сөзден танбайды. Дегенмен жақын арада көмек көрсетуге тырысатындарын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақсай ауылындағы 4 бірдей бау-бақша қоғамдастығының тұрғындары осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2017 жылы өздері қаржы жинап, су желісін жүргізіпті. Алғашында судың қысымы қалыпты болса да, сол маңға тұрғылықты қоныстанғандар саны артқасын,су қысымы түсіп кетіпті. Соңғы 2-3 жылдың жазында мүлдем тіршілік көзінен тарықты. Осы жаздың соңғы 1 айында да сусыз отыр.
Осы жерде көптен бері тұрамыз. Бұл жер біз үшін саяжай емес, тұрғылықты жер. 2017 жылы жаңа айтқандай құбырды өзіміз жүргіздік. Бәрі жақсы болған. Қазір жыларман күйдеміз. Күндіз мүлдем су жоқ. Тамшы да тамбайды. Түнде кей үйлерде сәл ғана су ақса, шелектерге, құтыларға су толтырып алуға тырысамыз. Қалғанын дүкеннен сатып аламыз. Менің жасым 76-да. Қолымда екі келінім бар. Түннен таңға дейін сол суды күзетіп, су жинаймын. Өзімнің жағдайым жеткенше, осы уақтықта дейін ауылдың мәселесін арқалап жауаптыларға барып жүрдім. Қазір мына тұрған тұрғындар барып, наразылықтарын ашып айтады. Бұл жағдайды реттесін деп талап етеміз. Құлақ асар ешкім жоқ , -дейді қала тұрғыны Мәрия Ахметова.
Ауылдағы 150 үйде су жоқ. Проблема жыл сайын көтерілгенімен, құлақ асар тірі жан жоқ деп налиды қараша. Мұнайлы өңірде отырып, халықты қара суға зар қылғандардың тірлігіне ашынады.
Қазір құдды бір тас ғасырында өмір сүріп жатқандаймыз. Ешқандай жағдай жоқ. Ағаштарды суарып отырған техникалық суды өшіріп тастағандарымен қоймай, ауыз сусыз қалдырды. Жеке өзім Жайық жағасына жақын тұрамын. Үйде бір тамшы су жоқ. Қаладан тасып алып келемін. Әкімдерге талай айттық. Бармаған, жазбаған жеріміз жоқ. Ешкім қозғалмайды. Сіздерде саяжай учаскесі дегенді сылтауратып, ештеңе істегілері келмейді. Саяжайға тек маусыммен ғана келіңдер дегенді айтады. Бізге көмек керек. Неше жылдан бері шешімі жоқ мәселе. Біздің сөзімізді естіп, талабымызды тыңдар құлақ табылса дейміз,-дейді тұрғындардың бірі Елена Верина.
Шыдамы таусылған тұрғындар жақын арада проблема шешілмесе, әкімдікке баратындарын айтады. Тіпті халыққа пайдасы жоқ деп ойлайтын округ әкімін алып тастауды да талап етпекші.
Біздің талабымыз нақты.Ақсайдан бері қарай құбыр тартып берсін. Сол кезде су қысымы қалыпты болады. Талабымызды орындамаса, жауаптылар не істеп отыр? Мұнайлы өңірдің қақ ортасында біз не істеп отырмыз? Менің өзімнің үш қызым бар. Балаларды жуындыруға да, тамақ жасауға да, өзге қажеттілікке де тамшы су таппай отырмыз. Егер де жақын арада мәселе шешілмесе, әкімдікке жиналамыз. Содан кейін округ әкімін алып тастауды талап ететін боламыз. Бірақ ол екінші мәселе. Әуелі бізге судың проблемасын реттеп берсін, - дейді Ақсай ауылының тұрғыны Есенжан Қадырғали.
Базынасын айтуға шыққандардың сөзін тыңдауға қала не облыс әкімдігінен ешкім келген жоқ. Тұрғындармен кездесуге округ әкімі шықты. Лауазымды тұлға мәселеден бейхабармын деп ақталуға кірісті. Кейін қолдан келген көмекті аямайтынын айтып сендірді.
Ақсай ауылы Қайыршақты ауылдық округіне 2023 жылы қосылған. Оған дейін өз алдына жеке дербес ауылдық округ болды. Қазіргі көтеріп жатқандары саяжай қоғамдастығының мәселесі. Саяжай болғасын, олардың жұмысы жоспарға кірмеген. Негізінде заң бойынша олар өздері жиналып, өз қаражаттарына мәселелерін шешу керек. Мен судың жоқ екенін бүгін ғана естідім. Оған дейін маған ешкім хабарласып, не келіп арызданған емес. Көмек сұрағандарын көріп тұрмыз, енді заңдылығымен жоспарға енгізіп, содан кейін мәселенің оң шешімін табуға тырысамыз. Жалғыз Ақсайда ғана емес, жаз айында қаланың көп жерінде мұндай проблема көп. Енді бұл мәселені қалалық әкімдіктегілерге, Атырау су арнасының өкілдеріне жеткіземін. Тез арада шешіге жұмыстанамыз,-деді Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапқат Қалиев.
БАҚ өкілдеріне базынасын айтып, округ әкімімен кездескеннен кейін ғана ауылдағы үй-үйді аралауға «Атырау су арнасы» жауаптылары барды. Олар халықтың сұрауы бойынша қажетті құбырды жүргізіп беруге қарсы емес. Ол үшін ең алдымен кем дегенде 50 тұрғын қол жинап, арыздарын тапсыру қажет екен. Сосын ғана мәселені біржақты етуге кірісеміз дегенді айтты.
Әзірге су желісін салу жұмыстарының нақты қашан басталатыны белгісіз. Егер монополистер мен әкімдік өкілдері уәде еткендей жұмыс жүрмесе, Ақсай ауылындағы 4 бірдей бау-бақша қоғамдастығының тұрғындары аптап ыстықта сусыз отырады.
Дәл қазір Атырау қаласында күннің ыстығы 30-40 градустан кем емес. Қарашаға әсіресе шіліңгір шілдеде ауыр болайын деп тұр.