Атырау әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі берілді

2 Қазан 2020, 23:47
3618
Бөлісу:
Атырау әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау қаласының 380 жылдық мерейтойы қарсаңындағы шаралар легі Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы маңдайшасына Халық қаһарманының есімі жазылып, әуежайдың кіреберісіндегі Қазақтың «қанатты қызының» есімінің берілуі туралы ақпарат жазылған мәрмәр тұғырдың ашылу рәсімімен жалғасты.

Салтанатты шараға Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, кірісіпе сөз сөйледі. 

Биыл Атырау халықаралық әуежайына Қазақстанның Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілген болатын. Енді міне әуежайдың маңдайшасына Қазақтың «қанатты қызы» атанған ұшқыш жерлесіміздің атын жаздық. Қазақ тарихында, ары қарай барсақ түркі тарихында қол бастаған қаһарман қыздарымыз көп болған. Даңқты Хиуаз Доспанова солардың дәстүрін жалғаған дарабоз тұлға. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуының бастауында ел мен жер үшін жанкештілік танытқан сондай тұлғаларымыз тұр.  Біздің ендігі міндетіміз – болашақ ұрпаққа қаһарман аға-апаларымызды жете таныту. Бейбіт күннің қадір-қасиетін түсіндіріп, олардың ерлігіне құрмет көрсету. Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова сияқты батырларымызды ұлықтау мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да өз жалғасын табады, - деген облыс басшысы.

Одан кейін Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі берілуіне ұйытқы болып, бастама көтерген қоғам белсенділері мен атсалысқан азаматтарға  «Хиуаз Доспанова атындағы мерекелік медальды» табыстады.

Ал  Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерева болса, Хиуаз батырдың есімін қадірлеу – елді қадірлеу екеніне тоқталды. 

Батыс өңірі батыр қызға да, ақын қызға да зәру емес. Бұрыннан айтылып келе жатқан Оралдың Мәншүгі бар, Ақтөбенің Әлиясы бар. Ал, Атыраудың Хиуазы болса несі бар?! Үш қыздың қол ұстасып тұрған ескерткіші Оралда тұр. Олардың ескерткіштері туған жері, кіндік қаны тамған жерінде ғана емес, қазақ елінің өзге де  жерінде тұруы керек деген ой туады,-деді ақын.   

Халық қаһарманының ұрпағы Гүлмира Доспанова да сөз алып, облыс басшылығы мен қаһарманды ұлықтаушыларға алғысын білдірді. Бұдан соң  Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бастап, салтанатты шараға қатысқан қонақтар мен қоғам белсенділері Хиуаз Доспанованың былтыр тұрғызылған  ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Өзгелердің жаңалығы