Атырауда индустриялық-инновациялық жобалар қарқынды дамуда

15 Маусым 2020, 13:12
3057
Бөлісу:
Атырауда индустриялық-инновациялық жобалар қарқынды дамуда
Сұхбат

Атырау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Атырау - индустрияның даму қарқыны жоғары аймақ. Бұл өңірдегі бизнес жобалар ел қазынасына да қомақты қаражат түсіріп отыр. Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айдын Елеусізовпен сұхбаттастық.

- Айқын Қылышұлы, облыста индустриялық-инновациялық даму деңгейі қандай?


карака.jpeg

- Жалпы айтқанда, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екі бесжылдығы жүзеге асырылып, биылдан бастап 3-кезеңге аяқ басты. Атырау облысында бірінші бесжылдық, 2010 – 2014 жылдары құны 66,9 млрд теңгені құрайтын 2135 жұмыс орнын ашуымен 28 инвестициялық жоба іске қосылды. 2015 – 2019 жылдар, яғни екінші бесжылдық шеңберінде кұны 667,6 млрд теңге құрайтын 2139 жұмыс орнын ашумен 28 жоба іске қосылды. Ал 2020-2025 жылдарға арналған үшінші бесжылдық шеңберінде құны 2,35 трлн теңге құрайтын, 1705 жұмыс орнын ашатын 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде Индустрияландыру картасы бойынша құны 2,34 трлн теңгеге 1290 жұмыс орнымен 2 жоба полипропилен өндіретін "KPI" ЖШС және полиэтилен өндіретін "KLPE" ЖШС-ның газ-химиялық кешен құрылысын айтуға болады.

-Соңғы жылдары ашылып, аймақтың экономикасына өзгеріс әкелген қандай өнеркәсіп, зауыт не цехті атай аласыз?

- Атырау облысында мұнай өндірісі дамыған аймақ. Сондықтан өңірде мұнай өндіретін және өңдейтін компанияларға құрал-жабдықтар, металл конструкциялар жасайтын зауыттың болуы маңызды. Осыған сай "Атыраунефтемаш" ЖШС машина жасау зауыты облыстың экономикасына өзгеріс әкелді. Бірінші бесжылдықта кәсіпорын ірі габаритты және аса ауыр жабдықтарды жинақтау өндірісін іске қосса, екінші бесжылдық аясында ыстық мырыштау әдісімен коррозияға қарсы қорғағыш қаптамаларымен қаптау өндірісін ретке келтірді, тор төсемдер шығаруда.

Сонымен қатар "Жігермұнайсервис" ЖШС-і бұдан бұрын бірқатар жобаны іске қосқан болатын. Мәселен, бұрғылау қашауларын шығарды. 2017 жылдан бастап роботтық дәнекерлеу әдісін қолданумен металлқұрылымдар шығару өндірісін құрды.

- Атырау өңірінде қандай жаңа бірегей тауарлар өндіріле бастады?

- Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру өңдеу секторында өндірістің көлемін арттыруға және экономиканың құрылымын өзгертуге мүмкіндік берді. Мұнай-химия, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, үй құрылысы, ірі габаритті машина жасау секілді жаңа секторлар пайда болды. Атырау облысында жаңа бірегей өнім түрлерінің өндірісі басталды. Олар оптикалық-талшық кабель, бұрғылау қондырғалары, бұрғылау PDC қашаулары, металл пластикалық құбырлар, ірі габаритті және аса ауыр қондырғылар.

- Барлық индустриялық-инновациялық жобалар мемлекет тарапынан қолдау табады. Аймақта мемлекет қаржыландырған қандай үлкен жобалар бар?

-Иә, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру барысында мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Яғни, жергілікті деңгейде "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы шеңберінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдендіру, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу.

Аймақта мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарды атап өтетін болсақ, "Атыраунефтемаш" ЖШС, "Жігермұнайсервис" ЖШС, "New Ascent" ЖШС, "Теплый дом Атырау" ЖШС, "Centech" ЖШС және тағы басқалары.

- Индустрияны дамыту үшін көптеген мемлекеттік жоба бар. Мысалы, "Өнімділік - 2020", "Инвестор - 2020", "Бизнестің жол картасы - 2020". Осы бағдарламалар Атырау облысында қалай жүзеге асырылып жатыр?

- "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері өңірде жалпы несие сомасы 112,3 млрд теңге болатын 1646 кәсіпкердің жобасы қолдау алып, 6697 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2020 жылы аталған бағдарлама шеңберінде жалпы бюджеттен 5 726,0 млн теңге қаржы бөлінді. Атап айтсам, 4 883,4 млн теңге пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға, 786,5 млн теңге несиені ішінара кепілдендіруге, 56,0 млн теңге мемлекеттік грант ұсынуға берілді.

Облыста 2010 жылдан бері 19,1 млрд теңге бағдарлама бойынша бөлінсе, одан 5 есе көп салық түсті. Жергілікті кәсіпкерлеріміз 781 330 млн теңгеге өнім өндірген екен.

- Атырау облысында қандай өнеркәсіптің өсу қарқыны жоғары?

Өздеріңізге белгілі, Атырау облысында мұнай мен газ өндіру саласы қарқынды дамыған, оған қоса өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Атап айтсақ, машина жасау саласы, химия өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы. Нақты көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, өнеркәсіптің 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында өнеркәсiп өнiмiнің көлемi 1934,6 млрд теңгені құрады. Тау-кен өнеркәсiбiнде 1709,8 млрд теңге сомасында өнiм өндiрiлсе, өңдеу өнеркәсiбiнде өнеркәсiптің көлемi 191,2 млрд теңгені құрады.

Ал 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында жеңіл өнеркәсібі өндірісінің көлемі 14,9 млрд теңге, химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі 25,5 млрд теңге. Машина жасау саласы қаңтар-сәуір айларында 14,9 млрд теңге көлемінде, құрылыс материалдарын өндіру бойынша 7,22 млрд теңге көлемінде өнім өндірілген.

Биыл 4 айда негізгі капиталға салынған инвестиция 1251,4 млрд теңгеге жетті.

- Жалпы өңірде жобаларды іске асыруда нәтиже қандай?

- Жобаларды жүзеге асырудың нәтижесі – ол, біріншіден, өңірімізге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық төлемдерін көбейту. Атырау облысында бұл жан-жақты іске асып жатыр деп айтуға болады.

- Атыраудан қандай тауарлар не өнімдер экспортқа шығарылып жатыр?

- Атырау облысы мұнайдан бөлек металл бұйымдар, резеңке, пластмасса, машина құрылғылары және балық өнімдерін экспортқа шығарады. Биылғы қаңтар-наурыз айларында өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 217,5 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде мұнай өңдеу саласында 182,9 млн АҚШ доллары, резеңке және пластмасса бұйымдар өндіру саласында 2,6 млн АҚШ доллары, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын жасау саласында 1,7 млн АҚШ доллары; машина жасау саласында 6 млн АҚШ долларының өнімі экспортталды.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Өзгелердің жаңалығы