Елімізде АЭС салу қоғамда қызу талқылануда. Халық арасында туындаған АЭС-тің қауіпсіздігі, тиімділігі мен маңыздылығы, сондай-ақ атомдық энергетика саласына мамандар даярлау мәселелеріне қатысты Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры пікір білдірді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина атом энергиясы электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыруда шешуші рөл атқаратындығын айтады.
Елімізде атом электр станциясын салу стратегиялық маңызға ие, өйткені ол электр энергиясының тұрақты және ауқымды өндірісін қамтамасыз етеді. Өнеркәсіптің дамуы мен урбанизацияны ескере отырып, өсіп келе жатқан энергетикалық қажеттіліктер жағдайында атом энергиясы электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыруда шешуші рөл атқара алады. Сонымен қатар, АЭС елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыратын мұнай мен көмір сияқты қазба отындарына тәуелділігін төмендету арқылы энергия балансын әртараптандыруға ықпал етеді, - дейді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина.
Қазіргі атом электр станциялары қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылықтың қатаң халықаралық стандарттарын ескере отырып салынуда. Дегенменде, тәуекел әрқашанда бар.
Соңғы буын реакторларының технологияларында төтенше жағдайлардың алдын алатын көп деңгейлі қорғаныс жүйелері бар. Мысалы, қазіргі реакторлар пассивті салқындату жүйелерімен жабдықталған, олар электр қуаты өшкен жағдайда да жұмыс істейді. Дегенмен, жоғары стандарттарға қарамастан, тәуекел әрқашан бар. Оны азайту үнемі бақылауды және жабдықты жаңартуды қажет етеді. Экологиялық тұрғыдан алғанда, атом электр станциялары пайдалану процесінде көмірқышқыл газының ең аз мөлшерін шығарады, бұл оларды климаттың өзгеруімен күресу тұрғысынан тартымды етеді. Алайда, радиоактивті қалдықтарды утилизациялау және апаттар кезінде радиацияның ластану қаупі мәселесі өзекті болып қала береді және ұзақ мерзімді шешімдерді қажет етеді, - дейді Сәуле Жәдігерқызы.
Қалай дегенменде АЭС-тің экономикалық тиімділігі оның ұзақ қызмет ету мерзіміне, экологияға тигізетін зиянының төмендігімен байланысты. Осыған орай университет ректоры елде АЭС салудың маңызы мен қажеттілігі жоғары деп санайды.
АЭС-тің экономикалық тиімділігі көптеген факторға, соның ішінде бастапқы күрделі салымдарға, жанармай құнына, операциялық шығындарға, сондай-ақ станцияның қызмет ету мерзіміне байланысты. Атом электр станциясының құрылысы айтарлықтай инвестицияларды қажет етсе де, оны пайдалану жанармай құнының төмендеуі мен станцияның 60 жыл немесе одан да көп мерзімге қызмет көрсетуіне байланысты өте үнемді болуы мүмкін. Салыстырмалы түрде алғанда АЭС төмен операциялық шығындармен көп мөлшерде энергия өндіруге қабілетті. Бұл тұтынушылар үшін электр энергиясы тарифінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, атом станциялары жұмыс орындарын құру, машина жасау және құрылыс сияқты байланысты салаларды дамыту арқылы экономикалық өсуді ынталандыруға қауқарды, - дейді Рахметулина.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Атомдық және энергетикалық технологиялар мектебі жұмыс істеп тұр. Атомдық энергетика саласына мамандар дайындайтын мектеп алдағы уақыттары білім бағыттарының жаңа бағдарламаларын ұсынбақ.
Атомдық энергетика саласымен байланысты мамандықтарға түлектерді тарту мен аталған салада жұмыс істейтін мамандарды даярлауды жақсарту мәселелері күн тәртібінде. Осыған байланысты 22 тамызда біздің университте «Атомдық энергетика саласына мамандарды дайындау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және Томск политехникалық университетінінің, сонымен қатар жергілікті «Қазцинк», ЖЭС кәсіпорындарының өкілдері мен Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары атомдық энергетикаға мамандарды даярлау мәселелерін талқылады. Талқылауға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстандағы «МИФИ» филиалының, С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Шәкәрім атындағы Семей университетінің өкілдері де қатысты. Дөңгелек үстелде жастарды білім бағдарламалары арқылы атомдық энергетика саласында білім алуға тарту, сондай-ақ, мамандарды даярлаудағы проблемалық мәселелер талқыланды. Университет оқытушылары өз кезегінде атомдық энергетика мамандарын тиімді дайындауға мүмкіндік беретін білім беру бағдарламаларының жаңа бағыттарын ұсынды. Іс-шара атомдық энергетика саласына мамандар дайындауды жақсарту жолында маңызды қадам болды, - дейді ректор Сәуле Рахметуллина.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, аталған саланы дамыту үшін ядролық физиктер ғана емес, радиациялық қауіпсіздік, жобалау және пайдалану мамандарын, экологтар, техниктер мен операторларды да дайындау қажет. Сондай-ақ қатысушылар АЭС салудың маңыздылығы мен қажеттілігіне де тоқталды.
Жыл сайын электр энергиясын тұтыну көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар, төменгі көміртекті энергия көздеріне өту әлемдік тенденциясына сай энергияны әртараптандыру қажеттілігі де бар. Осыған орай атомды энергетика елді дамытуда маңызды рөл атқарады, - деп түйіндеді ректор.