Атом саласында білікті кадрларды даярлау мәселесі қалай шешіліп жатыр

14 Наурыз 2022, 21:23
1363
Бөлісу:
Атом саласында білікті кадрларды даярлау мәселесі қалай шешіліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атом саласында білікті кадрларды даярлау аясында 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор дайындалды, деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

«Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде 2010 жылдан бастап 2019 жылға дейін атом саласының мамандықтары бойынша 134 бакалавриат пен магистрант оқудан өтті.

2018 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Біріккен ядролық зерттеулер институты арасында ядролық физика және жаңа материалдар саласындағы PhD докторанттарын бірлесіп даярлау басталды.

«ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК базасында жыл сайын ядролық және техникалық физика, сондай-ақ материалтану саласында 120-дан астам студент үшін практика ұйымдастырылады.

Атом саласында кадрлар даярлауды көздейтін меморандумдар Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігімен (2014 жыл), Беларусь Республикасының Энергетика министрлігімен (2018 жыл) және «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясымен жасалған болатын. Қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі Мажарстанның Инновациялар және технологиялар министрлігімен атом саласында қазақстандық кадрларды даярлау және оқыту бойынша меморандум жасасу мәселесін пысықтауда, - делінген ақпаратта.

Меморандумға сәйкес тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, бакалавриат, магистратура, аспирантура бағдарламалары бойынша білім алушылармен және оқытушылармен алмасуды, оқу және ғылыми әдебиетті әзірлеуді, қысқа мерзімді тағылымдамалар мен семинарларды ұйымдастыруды қоса алғанда, атом саласы үшін кадрлар даярлау саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниет білдіреді.

Қазақстанның атом энергетикасында мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Ақтау қаласында 1973-1999 жылдары жылдам нейтрондардағы әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік БН-350 реактор сәтті қолданылды.

Қазіргі уақытта 3 зерттеу реакторы сәтті пайдаланылуда – ИГР және ЖТГСЗ.1М  ҚР «Ұлттық ядролық орталығында» (Курчатов қ.), ВВР-К ядролық физика институтында (Алматы қ.).

Ядролық және радиациялық қауіпсіздік тұрғысынан зерттеу реакторларына энергетикалық реакторлардан кем емес қатаң талаптар қойылады, олар көптеген жылдар бойы ойдағыдай орындалып келеді, бұл оларды қауіпсіз пайдаланудың ұзақ тарихымен расталады.

 

Өзгелердің жаңалығы