Атом өнеркәсібі қызметкерлері күні. Сала жайлы не білеміз

28 Қыркүйек 2024, 09:30
494
Бөлісу:
Атом өнеркәсібі қызметкерлері күні. Сала жайлы не білеміз
Фото: pixabay.com

Бүгін - Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Бұл еліміздегі ең маңызды салалардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің атом саласы – экономиканың негізгі, стратегиялық маңызды және табысты салаларының бірі ғана емес, сондай-ақ елдегі ең жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін салалардың бірі.

28 қыркүйек қандай мереке?

Елімізде 28 қыркүйек күні Атом саласы қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесін бекіту туралы жарлыққа ҚР Президенті 2008 жылғы 12 мамырда қол қойған. Бұл шешім Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” заңының 4-бабына сәйкес қабылданған.

Атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінің мерекелер күнтізбесіне енгізілуі атом өнеркәсібінің елдің экономикалық дамуындағы маңызды рөлін көрсетеді. Бүгінгі таңда атом өнеркәсібі - Қазақстанда ең жоғары технологиялық, ғылымды қажет ететін және табысты салалардың бірі.

Қазақстан – уран өндіруден көшбасшысы

Қазатомөнеркәсіп өзінің еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдарымен бірге 14 тау-кен активіне біріккен Қазақстан Республикасының аумағындағы 26 жұмыс учаскесінде өндіріс жұмыстарын жүргізеді.

Уран өндірудің жер асты ұңғымалы шаймалау (ЖҰШ) әдісі алғаш рет 1960 жылдары қолданылып, 2017 жылы әлемдік уран өндірісінің 50%-ын құрады.

Дәстүрлі әдістермен салыстырғанда ЖҰШ әдісінің қоршаған ортаға теріс ықпалы аз және ол өндірудің барынша төмен өзіндік құнын, өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы жоғары көрсеткіштерді қамтамасыз етеді.

Қазатомөнеркәсіп 2022 жылы 100% негізде 21,2 мың тонна уран өндірумен және 11,4 мың тонна қатысу үлесіне (2022 жылы әлемдік уран өндірудің 22%) пропорционалды, өзінің негізгі бәсекелестерінен асып түсетін ЖҰШ әдісімен уран өндіруде сөзсіз көшбасшы.

ЖҰШ әдісімен өндіру үшін ыңғайлы Қазақстан Республикасының қолайлы геологиялық жағдайлары Қазатомөнеркәсіпке бірегей бәсекелестік артықшылықты қамтамасыз етеді.

Қазатомөнеркәсіп уран өндірудің 100%-ы ЖҰШ әдісімен жүзеге асырылады.

Қазатомөнеркәсіптің ЖҰШ әдісімен уран өндіру мен техникалық инновацияларды енгізу тәжірибесі ЖҰШ әдісін қолданатын кеніштерде құрылыс басталғаннан кейінгі 18 ай ішінде коммерциялық өндіріске қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ал дүниежүзілік практикада ЖҰШ әдісімен уран өндіретін кенішті іске қосудың орташа кезеңі шамамен 3 жылды құрайды.

Уран өндірудің барлық процестері автоматтандырылған және компанияның тұрақты бақылауында, ал Қазатомөнеркәсіп кеніштеріндегі техникалық жабдықтар OHSAS 18001 және ISO 14001 сияқты қауіпсіздік пен қоршаған орта стандартарына толық сәйкес келеді.

Болашақты ойлауымыз керек – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында атом энергетикасын дамытуға барынша назар аудару керегін атап өтті.

Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етіп келеді. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін, - деді Президент.

Тоқаев стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп есептейді.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын, - деп айтқан еді Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында.

6 қазан – референдум

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.

Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз, - деді Тоқаев.

Республикалық референдумға "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген тұжырымдағы ел болашағы үшін маңызды сауал шығарылады.

“Атом энергетикасы энергетикалық тәуелсіздіктің қуатты қозғалтқышына айналуы мүмкін”

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Сіздердің білімдеріңіз бен жоғары кәсіби біліктілігіңіз – еліміздің энергетикалық болашағының іргетасын қалап жатыр. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында еліміздің атом саласы әлемдік аренада көш бастап келеді. Бүгінде еліміз маңызды шешім қабылдаудың алдында тұр. Қоғам мен энергетика саласы үшін өзекті тақырыптардың бірі – Қазақстанда атом электр стансасын салу туралы алдағы референдум өткелі жатқаны белгілі. Атом энергетикасы елімізді энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақты дамудың жаңа деңгейіне шығаруға қабілетті прогрестің қуатты қозғалтқышына айналуы мүмкін, - деді министр.

Сәтқалиев атом саласының қызметкерлеріне өлшеусіз еңбектері мен жаңашылдыққа ұмтылған қарымды қызметтеріне алғысын айтып, әріптестеріне кәсіби жетістік тіледі.

Өзгелердің жаңалығы