«Ата жолы» картасы. 50 этникалық қазақтың алдын ала тізімі қалыптастырылды

21 Тамыз 2023, 17:29
925
Бөлісу:
«Ата жолы» картасы. 50 этникалық қазақтың алдын ала тізімі қалыптастырылды
Фото: BAQ.KZ - архив

Асқарбек Ертаев Алматыда өткен халықаралық семинар-форумда «Ата жолы» картасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев қазақ диаспорасымен және шетелдегі қандастармен өзара іс-қимыл жөніндегі халықаралық семинар-форумға қатысып, басқа елдердің азаматтары болып табылатын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын таныстырды.

Алматы қаласында өткен семинарға «Отандастар қоры» КЕАҚ, «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» РҚБ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдері, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан және Ресей Федерациясының сарапшылары және басқалар қатысты.

Асқарбек Ертаев таныстырған «Ата жолы» картасы – тарихи отанымен байланысты нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға, сондай-ақ елге кәсіби мамандар мен табысты бизнесмендерді тартуға бағытталған ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың жаңа құралы.

Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында біз шетелде табысты бизнес-кейстері бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібін бекіттік. Бүгінгі таңда «Ата жолы» картасын беретін 50 этникалық қазақтың алдын ала тізімі қалыптастырылды, – деді комитет төрағасы.

Пленарлық сессиялар мен интерактивті пікірталастар барысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуындағы диаспораның әлеуетті үлесі мен рөліне көзқарас ұсынылды, сондай-ақ қазақ диаспорасымен және шетелдегі қандастармен коммуникациялық стратегияны одан әрі ілгерілету және пысықтау жөніндегі қадамдар әзірленді.

Өзгелердің жаңалығы