Асылбек Туғанбай: Елге келген қандастарды бизнеске бейімдейтін орталық керек

22 Желтоқсан 2021, 12:18
4124
Бөлісу:
Асылбек Туғанбай: Елге келген қандастарды бизнеске бейімдейтін орталық керек
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан отыз жыл бұрын әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылған қазақтар атамекенге оралды. Бүгінде отанына аяқ басқан соң кәсібін ашып, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген азаматтар  аз емес. 

Солардың бірі – «KAZNET Solution» ЖШС құрылтайшысы, әрі негізін қалаушы Асылбек Туғанбай. Өз ісінің шеберімен еліміздің бизнес саласындағы мүмкіндіктер мен өзгерістер туралы сұхбат құрған едік.

- Асылбек аға, телекоммуникация саласына қалай келдіңіз? Өзіңізді толығырақ таныстырып кетсеңіз...

- Биыл біздің атамекенге оралғанымызға – 30 жыл. Қазақ елінің егемендік алғаннан кейінгі ең алғашқы қадамы қандастарды елге қайтару болғаны  бәрімізге аян. Сол ұлы көштің алғашқы легімен ата қонысымызға оралғандардың қатарында біз де бармыз. 1992 жылы жүздеген қазақ отбасыларымен бірге Моңғолияның Бай-Өлке аймағының Баяннуур сұмынынан Қазақстанның Павлодар облысына көшіп келдік. Тағдырдың жазуымен әкеміз Туғанбай ертерек қайтыс болды. Шешемнің төрт баланы жеткіземін деп, қалай шаршағаны әлі көз алдымда. Ол кезде менің бозбала шағым. Анама осы  бейнетінің зейнетін көрсетсем, бір кәсіптің тетігін тауып, отбасымызға тіреу болсам деп армандаушы  едім.

Асылбек Туғанбай: Елге келген қандастарды бизнеске бейімдейтін орталық керек

 

2008-2009 жылдары «Кселл» АҚ мердігер компаниясында жұмыс істедім. Байланыс, энергетика саласымен сол жерде таныстым. Одан соң 2012-2013 жылдары өз компаниямызды құрып, жеке жұмыс істей бастадық. Бұл саланы Орхан Вели Хусмен атты түрік азаматынан үйрендік. Ол кісі жұмыстың жалпы қалай жүретінін толықтай үйретті. Қазіргі таңда мен «KaznetSolution» ЖШС-нің негізін қалаушы, құрылтайшысымын. Бұл компания 2011 жылы ашылды. Электр энергиясы, GSM байланыс, телекоммуникация  саласында табысты еңбек етіп келеміз. Биік мұнаралардың, жоғары кернеулі электр бағаналарының, электр станцияларының монтажы, мұнай және газ құбырларының желілік байланысы, «Қазақтелеком» АҚ-ға арналған ақпаратты өңдеу орталықтарының құрылысы, монтаждау және жобалау жұмыстарымен айналысамыз. Өз саламызға қатысты барлық арнайы техникамыз, экскаватор, жүк тиегіш, кран, жүк көліктері және Павлодар қаласында өндірістік базамыз бар.

Асылбек Туғанбай: Елге келген қандастарды бизнеске бейімдейтін орталық керек

- Елімізде кәсіпкерлер бизнес ашып, кейін бір жылға жетер-жетпес уақытта жабылып жатады. Оның себебі неде? Әлде мемлекеттік бағдарламалар тапшы ма?

- Кәсіп ашқысы келетін, талапты, талантты жастарымыз аз емес. Тек оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсету, кәсіпкерлік негіздерін үйрету, бастаған шағын кәсібін дамытуға уақытылы қолдау көрсеткен жөн. Бұл бағытта Үкімет ұсынып отырған тиімді бағдарламаларға жол нұсқау қажет. Себебі, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі толықтай қарастырылған.

Асылбек Туғанбай: Елге келген қандастарды бизнеске бейімдейтін орталық керек

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлініп отыр. Жайылымдық, шабындық жерлерді ұзақ мерзімді жалға алу, мал басын арттыру үшін арзан пайызды несие алу, субсидиялау тетіктері қарастырылған. Әсіресе, асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында қолдау шаралары көп. Өкінішке қарай, бар мәселе осы «бірақ» деген сөзіне келіп тіреледі. Жоғарыда аталған кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы игі бастамалардан жұртшылықтың көпшілігі хабарсыз десем, артық айтқандық болмас. Ал тиісті көлемде ақпараттың болмауы кез келген адамға бизнес-идеясын жүзеге асыру алдында сенімсіздік тудырары сөзсіз.

- Өз сөзіңізде жастар мен бизнес бастағысы келіп жүрген жандарға арналған жобам бар дедіңіз. Толығырақ тоқталып кетсеңіз?

- «Бизнесті қолдау ұлттық орталығын» құруды ұсынып келемін. Аталған жобам бизнес бастауға ниеті бар жастарға, әсіресе, атамекеніне оралған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталады. Табысты кәсіп түрін таңдаудан бастап, оны ашу, жүргізу жолдарын бірге үйретеміз. Тәжірибемізбен бөлісеміз. Ең бастысы да – осы. Мысалы, тәжірибелі фермер ауыл шаруашылығына бет бұрған жастарды жанына алып, білгенін үйретеді. Құрылыс компанияңыз болса, құрылыс саласын таңдаған жастарға ақыл-кеңесіңізді бересіз. Осылай жалғаса береді. Бұл  қолымызан келетін дүние. Әрине, «Бизнесті қолдау ұлттық орталығын» құру оңай дүние емес. Бұл мәселені толыққанды талқылап, жобалап, жоспарын құрып, жүзеге асыру қажет.

Асылбек Туғанбай: Елге келген қандастарды бизнеске бейімдейтін орталық керек

Мәселен, «Еңбек» бағдарламасы аясында бірқатар жеңілдік ұсынылады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында бір ай көлемінде бизнестің негіздерін оқып, үйреніп және сол курстан өткені жөнінде тиісті сертификат алуға болады. Әлі азаматтық алмаған қандастарымыз үшін аталмыш сертификатты бір ай күтудің де қажеті жоқ. Бұл бағдарламаға қатысу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдіктеріне немесе ресми сайтына өтінім қалдырасыз. Осы жобаға қатысушы қандастар үшін оқудан өту уақытында белгілі бір көлемде шәкіртақы қарастырылғанын да атап өткен жөн. Жалпы, өздеріңізге белгілі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы – еліміздегі ең ірі кәсіпкерлер қауымдастығы. Негізгі міндеті – бизнестің құқығын қорғау. Яғни егер мемлекеттік органдар, салық ұйымдары немесе басқа да құзырлы мекемелер бизнеске заңсыз әрекеттер жасайтын болса, сіз «Атамекенге» шағымдана аласыз.

Асылбек Туғанбай: Елге келген қандастарды бизнеске бейімдейтін орталық керек

- Сонда аталған жобаңыздың діттеген мақсаты қандай?

- Қазақстанның экономикалық әлеуетіне оң септігін тигізеді. Мемлекет ұсынған бағдарламалармен танысқан, мүмкіндіктерді көрген қандастардың атамекеніне деген қызығушылығы артады, көші-қон мен қоныс аударуға жаңа серпіліс болар еді. Елге қоныс аударған азаматтардың ортаға еркін әрі тез кірігуіне септігін тигізеді. Бастысы қандастардың кәсіпкерліктегі белсенділігін қолдау арқылы олардың әлеуметтік жағдайы жақсарады

- Кәсіп жолын таңдаған жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

- Өсіп келе жатқан жас ұрпақ «мемлекет маған не береді?» деп емес, «мен мемлекетке не ұсына аламын?» деген ұстаныммен өмір сүру қажет. Расымен, тәуелсіздік те бақыт сияқты. Оның қандай ауыртпашылықпен келгенін жақсы білеміз. Бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Азат күнімізді аялап, қоғам дамуына бірге үлес қосуымыз керек.

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы