Астықты өңірде қаптаған киік егістік алқаптарын таптап жатыр

13 Қыркүйек 2023, 14:00
1523
Бөлісу:
Астықты өңірде қаптаған киік егістік алқаптарын таптап жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Шаруалар киік көбейіп, ауыл шаруашылығына қауіп төндіріп отырғанына шағымдануда. Осылайша түз жануарын ату мәселесі қайта қозғалды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Өңірде ақбөкендерден ең көп зардап шеккен аудандар – Атбасар, Жарқайың, Жақсы, Егіндікөл, Қорғалжын және Целиноград.

Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, авиа-мониторинг нәтижелері бойынша ақбөкендердің саны 2021 жылы шамамен 40 мың, 2022 жылы шамамен 80 мың басты құрады. Аудан әкімдіктерінің мәліметінше, биыл киіктердің жалпы саны 200 мыңнан асады.

Жануарлар популяциясының көбеюі егістіктер мен шабындықтардың жойылуына әкелді. Нәтижесінде облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері егін жинауда үлкен шығынға ұшырауда.

Ақбөкендердің ең көп үлесі Атбасар ауданында – 120,0 мың бас шоғырланған.

Қаптаған киік тыным берер емес. Жаз бойы алқаптарды күзетеміз, кезекшілік ұйымдастырамыз. Бұл да қосымша шығын. Күні-түні мотоцикл, машинамен күзеткеннің өзінде егістіктерді отап жатыр. Оларды қуып шығару мүмкін емес. Ешқандай қоршау көмектеспейді, – дейді Атбасар ауданындағы «Қаражар Агро» ЖШС басшысы Валерий Петров.

Серіктестік меншігіндегі 15 000 гектар алқап ақбөкендерден зиян шеккен.

Жыл санап ақбөкендердің таралу аймағы да артып келеді. Қоршаулар қоямыз, жануарларды айдау үшін адамдар жалдаймыз, бірақ нәтиже жоқ. Олар барлық жерде жүреді. Бәрін таптап, жейді. Салдарынан өнімділік төмендеді. 2-3 мың гектар алқап тапталды. Төртінші жыл қатарынан киіктен зардап шегіп отырмыз. Егістік жұмыстарына миллиондаған қаражат салынады. Ал шығын өтеле ме, белгісіз, - дейді Валерий Петров.

Фермерлер бірнеше рет көмек сұраған, бірақ өтініштері аяқсыз қалған.

Жасырары жоқ, өңірде киік мәселесі күрделі болып тұр. Экология, ауыл шаруашылығы министріне хат жаздым. Ештеңе. Бізді ешкім естімейді. Ең болмағанда, киіктер популяциясын азайту мәселесі қолға алынады деп үміттенеміз. Білуімізше, соңғы жылдары киіктер саны әлдеқайда көбейген, - дейді Валерий Петров.

Серіктестік басшысы киіктер жайылымдық жерлерге де қауіп төндіріп отырғанын айтты.

Түз жануары егістік алқабын таптап, бәрін отап тастады. Олар мүлдем тыныштық бермейді. Ауылға да кіреді, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сәйкес, облыс бойынша ақбөкендермен уланған дақылдар саны 76 932 гектарды құрап отыр, оның 17 405 гектары Атбасар ауданына тиесілі.

Жыл сайын айтылып келе жатқан мәселе. Шаруашылықтарға келтірілген шығын шаш етектен. Егістік алқаптарын өз күшімізбен күзетуге тырысамыз, бірақ біз үнемі егістікте өмір сүре алмаймыз. Бұған дейін біз уәкілетті органдарға хабарластық, бірақ әзірге бәрі тек қағаз жүзінде қалады. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, тұқым да сатып ала алмаймыз. Жыл сайын халық саны артып келеді, бұл мәселені шұғыл шешу қажет, әйтпесе өңірдің ауыл шаруашылығы тығырыққа тіреледі. Билік бұл мәселені шешуге көмектеседі деп үміттенеміз, - дейді серіктестік басшысы.

Өңірде киік мәселесі жыл сайын өзекті болып отыр. Жергілікті шаруа қожалықтарының ақпараты бойынша, биыл Егіндікөл ауданында 40 мың гектардан астам алқап шығынға ұшырады.

Бүгінгі таңда аталған мәселе ауыл шаруашылығы басқармасымен шешілуі тиіс. Бұл шығынның өтелуі немесе шарт, несие немесе лизингтік төлемдерді ұзарту түріндегі басқа да шаралар болуы мүмкін, – деп нақтылады Егіндікөл ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жарысбек Жақанов.

Биыл облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрінің атына ақбөкендердің популяциясын заңнамалық деңгейде реттеу жөніндегі мәселені шешуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған. Алайда бүгінгі күні киіктердің мемлекет қорғауында болуына және ақбөкендерді, олардың бөліктері мен дериваттарын ел аумағында ғылыми мақсаттан бөлек пайдалануға тыйым салудың 2024 жылға дейін енгізілуіне байланысты мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Ақбөкендерді аулауға тыйым салынған, өйткені түз жануары ЮНЕСКО-ның қорғауында. Шаруалар егістік алқаптарын «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың шабуылынан да сақтандыра алмайды, өйткені бүгінде мұндай сақтандыру түрі жоқ.

Ал ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржы институттары алдында кредиттік міндеттемелері бар. Уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен бұл фермерлердің қаржылық жағдайын одан әрі нашарлатуы мүмкін.

Өткен жылы да өңір шаруалары материалдық тұрғыдан үлкен шығынға ұшырағаны белгілі. Киіктерден ауыл шаруашылығына келтірілген залал 8 млрд теңгеден асты. Мысалы, Егіндікөл ауданында 45 мың гектардан астам, Астрахан ауданында – 22 мың га, Жақсы ауданында – 19 мың гектарға жуық, Жарқайың ауданында – 10 мың гектарға жуық алқап зардап шекті.

Сарапшылар ақбөкендердің санын реттеу жөнінде ұсыныстар жасауда.

Ақбөкендер жүретін жолдарда жем-шөп алаңдарын ұйымдастыру бойынша жұмысты жолға қою, қоршаулар дайындау және орнату үшін республикалық бюджеттен қаражат көзделуі қажет. Сондай-ақ ақбөкендер келтірген шығынды бағалау үшін құзыретті мемлекеттік орган өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатарынан комиссия құру, залалды өтеу үшін мемлекеттік қазынадан қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет, - деп есептейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы Жайсаң Бекқожин.

Өзгелердің жаңалығы