7 қазаннан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана алу үшін өтінім бере алады. Пәтердің бір шаршы метрінің бағасы 332 916 теңге болады. Бағдарламаға кімдер қатыса алады және ай сайын қанша төлеу қажет? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Астанада 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында кредиттік тұрғын үйді бөлу бойынша жаңа кезең басталады. Бұл жолы А91 көшесіндегі №36, 36/1, 36/2 және 36/3 тұрғын үйлерден 562 пәтерді іске асыру жоспарланған.
Өтініш қабылдау бүгін басталды. Азаматтар өтінімді Baspana Market платформасындағы жеке кабинеті арқылы бере алады.
Пәтердің шаршы метрі қанша тұрады?
Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 332 916 теңге болып белгіленген.
Бағдарлама аясында 166 бір бөлмелі, 276 екі бөлмелі, 80 үш бөлмелі және 40 төрт бөлмелі пәтер ұсынылады.
Пәтерлер таза әрлеумен беріледі. Яғни тұрғын үйді бетон қабырғадан бастап қайта жөндеудің қажеті жоқ.
Мысалы, екі бөлмелі пәтердің ауданы шамамен 62 шаршы метр болса, оның құны 20,6 млн теңгені құрайды.
Ипотека ережесі қандай?
Пәтерлерді жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие арқылы сатып алуға болады. Несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2%-дан 5,8%-ға дейін.
Бастапқы жарна – кемінде 10%. Несие мерзімі – 20 жылға дейін. Бұл шарттар Тұжырымдама аясындағы «5-10-20» бағытының қолданыстағы талаптарына сәйкес келеді.
Мысалы, құны 20,6 млн теңге болатын пәтерді алайық. Егер бастапқы жарна ретінде 10%, яғни шамамен 2,06 млн теңге төленсе, несие сомасы шамамен 18,5 млн теңге болады.
5% мөлшерлемемен 20 жылға алынған несие бойынша аннуитеттік төлем айына шамамен 122 мың теңгені құрайды. Нақты төлем пәтердің құнына, несие сомасына және шарт талаптарына байланысты болады.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бұл бағдарлама 5%-дық ипотекамен баспана алғысы келетін барлық азаматқа арналмаған. Байқауға тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған азаматтар қатыса алады.
Сонымен қатар «5-10-20» бағыты бойынша табысқа қатысты талап бар. Соңғы алты айдағы отбасының еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.
«Отбасы банк» мәліметінше, бағдарлама бойынша байқау тек әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында өткізіледі.