Астаналықтар Олимпиада чемпиондарымен бірге 10 мың қадам жүрді

Елордада Спорт апталығы басталды.

11 Тамыз 2026, 15:51
АВТОР
 автордан  ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 11 Тамыз 2026, 15:51
11 Тамыз 2026, 15:51
132
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астанада жүздеген тұрғын Олимпиада чемпиондары және танымал спортшылармен бірге 10 мың қадам жүрді. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.

Бүгін елордадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Таңғы сағат 06:00-де басталған «10 000 қадам» акциясына қала тұрғындары, Олимпиада чемпиондары мен танымал спортшылар қатысты.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Алдымен фитнес-жаттықтырушы Айша Баймаханова ашық жаттығу өткізді. Одан кейін қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебіспаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никишамен бірге 10 мың қадам жүрді.

Жол бойында спортшылар тұрғындармен әңгімелесіп, естелік суретке түсті.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Көркем гимнастикадан Азия ойындарының чемпионы, Олимпиада қатысушысы Анна Алябьева мұндай форматтың әр жастағы адамды спортқа тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Бүгін Спорт күніне арналған акцияға спортшылар жиналды. Адамдардың көбірек спортпен айналысқанын қалаймыз. Қазірдің өзінде көшеде теннис ойнап, спортпен шұғылданып жүрген адамдарды көресің. Бұл өте жақсы. Бүгін кішкентай балалардан бастап ересектерге дейін - бәріміз бірге 10 мың қадам жүріп, бір-бірімізге жақындай аламыз. Сонымен қатар спортқа көбірек адамның назарын аударуға мүмкіндік бар. Бұл – салауатты ұлт қалыптастыруға бағытталған жақсы бастама, – деді спортшы.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ал Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков таңғы жаттығудың денсаулыққа пайдасын атап өтті.

Астана тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақыру мақсатында Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып жатқан акция керемет өтіп жатыр. Физиологиялық тұрғыдан қарасақ, таңғы жаттығудың пайдасы көп. Мүмкіндігім болған кезде таңертең ерте тұрып, жаттығу жасаймын. Бұрыннан келе жатқан жақсы мақал бар: “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық”, - деді Олимпиада жүлдегері.

Жүздеген тұрғынның арасында зейнеткерлер де болды. Шолпан Баткалова екі жылдан бері скандинавиялық жүріспен айналысатынын айтты.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Осындай акциялар бізге, әсіресе зейнеткерлерге өте қажет. Екі жылдан бері скандинавиялық жүріспен айналысып келемін. Спорт күні құтты болсын! Денсаулығымыз мықты болсын! – деді Шолпан Баткалова.

Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов елорда тұрғындарын спортпен тұрақты айналысуға шақырды.

Бүгін Спорт күніне байланысты Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып жатқан Олимпиада чемпиондарымен 10 000 қадам құтты болсын! Мен Астана тұрғындарының спортты жақсы көретінін, спортпен шұғылданатынын өте жақсы білемін. Алға, Қазақстан! – деді Ермахан Ибраимов.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының «10 000 қадам» акциясынан басталуының символдық мәні бар екенін айтты.

Спорт қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Таңертеңгі ашық жаттығулар мен бұқаралық акцияларға тұрғындардың белсенді қатысуы – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спорт саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттардың бірі – балалар және бұқаралық спортты дамыту. Біздің мақсатымыз – спортты баршаға қолжетімді ету және белсенді, саламатты өмір салтын әрбір қазақстандықтың күнделікті дағдысына айналдыру, – деді министр.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстан халқының 44%-дан астамы дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысады. Балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 34%-дан асып, шамамен 1,8 млн балаға жеткен.

2029 жылға қарай бұқаралық спортпен қамтуды 50%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Спорт апталығы жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне орай ұйымдастырылған. Мереке қарсаңында еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам спорттық шара өтеді. Олардың қатарында ашық жаттығулар, жүгіру жарыстары, веложарыстар, түрлі турнирлер мен спорт фестивальдері бар.

«10 000 қадам» акциясын «Спортшылар кеңесі» ұйымдастырды.

Нұрай Зинелова

Наверх